Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Қосшыда мысықтың жатын орнын ұрлаған тұрғын екі жылға сотталды

Ақмола облысына қарасты Қосшы қаласында мысықтың жатын орнын ұрлаған ер адам екі жылға сотталды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Ол жеке тұрғын үйдің ауласынан екі қорапты жасырын алып кеткені үшін бас бостандығынан айырылды.

Іс материалдарына сәйкес, күдікті үй аумағына өзін газ желісіне қосу қызметін көрсетемін деп таныстырып кірген.

Алайда сол сәтті пайдаланып, аулада тұрған екі қорапты алып кеткен.

Қораптардың бірінде үй жануарына арналған төсеніш, екіншісінде ас үйге қажетті тұрмыстық құрал болған. Кейін ұрланған заттарды лақтырып жіберген.

Зардап шеккен тұрғын аталған бұйымдарды интернет арқылы тапсырыс берген. Курьер жеткізілген сәлемдемелерді үйдің ауласына қалдырған. Ұрлық дерегін байқаған үй иесі бейнебақылау камераларын тексеріп, құқық қорғау органдарына арызданған. Келтірілген шығын көлемі 28 мың теңгеге бағаланды.

Сот отырысында айыпталушы кінәсін толық мойындап, өкініш білдірген әрі материалдық залалды өтеген.

Алайда оның бұрын бірнеше рет, соның ішінде ауыр қылмыстар үшін сотталғаны белгілі болды.

Бұл жағдай жазаны ауырлататын мән-жай ретінде ескерілді.

Нәтижесінде сот шешімімен ер адам екі жылға бас бостандығынан айырылды.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button