Қостанайда 37 жастағы әйелдің қаза табуына байланысты қылмыстық іс тіркелді. Күдікті ретінде оның бұрынғы күйеуі қарастырылып отыр.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ер адам әйелге аңшылық мылтықтан екі рет оқ атқан. Оқиғадан кейін ол өз еркімен полицияға барып, кінәсін мойындаған.
Қайғылы жағдай қаладағы шағын аудандардың бірінде болған. Деректер бойынша, күдікті 47 жаста және Қостанай облысындағы “Азаматтарға арналған үкімет” филиалының қауіпсіздік қызметінде жұмыс істеген.
Қостанай облыстық полиция департаменті хабарлауынша, ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалған. Алдын ала нұсқа бойынша, әйел тұрмыстық жанжал кезінде алған оқ жарақатынан көз жұмған.
Күдіктіге тиесілі аңшылық мылтық тәркіленді. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде.



