Мектеп қызметкерлерін кәсіподақ тарапынан көрсетілетін материалдық көмекпен алдап, олардың атына онлайн-қарыздар рәсімдеген әйел сот үкімімен жауапқа тартылды. Сот істің барлық мән-жайын ескере отырып, оған бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады, деп жазады qandastar.kz сайты inbusiness.kz порталына сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, күдікті 2024 жылдың қарашасы мен 2025 жылдың наурызы аралығында мектеп қызметкерлерінің дербес деректеріне заңсыз қол жеткізіп, олардың атына түрлі микроқаржы ұйымдарынан онлайн-қарыздар рәсімдеген.
Ол кәсіподақ тарапынан материалдық көмек көрсетіледі деген сылтаумен қызметкерлерді алдап, микроқаржы ұйымдарында онлайн бейне-верификациядан өткізген. Мектеп ұжымы бұл рәсімді кәсіподақ көмегін алу үшін қажет деп ойлап, күдіктінің барлық нұсқауларын орындаған. Нәтижесінде мақұлданған қарыз қаражаты күдіктінің банктік шотына аударылған. Ал алынған ақшаның болмашы бөлігі ғана қызметкерлерге «материалдық көмек» ретінде беріліп, қалған соманы ол өз қалауынша жұмсаған.
Күдіктінің қылмыстық әрекеттері салдарынан микроқаржы ұйымдарына жалпы сомасы 3,6 миллион теңгеден астам материалдық залал келтірілген.
Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді. Сот оның жеке басын, жасалған әрекеттердің қоғамдық қауіптілік сипаты мен дәрежесін, сондай-ақ келтірілген залалдың ішінара өтелгенін ескере отырып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сонымен қатар жаза мерзімінің бүкіл кезеңіне пробациялық бақылау белгіленіп, 5 жыл мерзімге кәсіподақ басқарма төрағасы лауазымдарын атқару құқығынан айырылды.
«Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңның 3-бабы 4-тармағына сәйкес сотталғанның жаза мерзімі бестен бір бөлікке қысқартылып, түпкілікті өтеуге 2 жыл 9 ай 18 күн бас бостандығын шектеу жазасы белгіленді.
Жәбірленушілердің азаматтық талаптары толық көлемде қанағаттандырылды.



