Қаржы және төлемдер
Қостанайда жедел жәрдем қызметкері соққыға жығылды
Фото: Gov.kz
Қостанай қаласында жедел жәрдем қызметінің фельдшері Анель Баймурзина жұмыс барысында науқастың туыстарының шабуылына ұшырап, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды qandastar.kz Alau.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Анель Баймурзина түнгі ауысымда «Демікпе, жүрек» диагнозымен түскен шақырту бойынша барған. Алайда, ол барған үйде науқастың қыздары қызметкерлерге агрессия көрсеткен.
«Біз алғашқы көмек көрсетіп жатқанда, олар жұмысымызға кедергі жасап, бізді қарғап, дұрыс істемесек, түрмеге отырғызамыз деп қорқытты. Науқастың жүрегі тоқтап қалған соң, реанимациялық шараларға кірістік. 30 минут бойы күрескенімізбен, оны аман алып қала алмадық. Оларға көңіл айтқанымызда, күтпеген жерден шабуыл жасалды», – дейді Анель Баймурзина.
Фельдшердің айтуынша, науқастың қыздары оны ұрып-соғып, шашынан сүйреп, қатты жарақаттаған. Жанындағы екінші фельдшер мен жүргізуші оны қорғауға тырысқанымен, ашулы әйелдерді тоқтата алмаған. Тек көршілердің араласуымен жағдай тұрақталған.
Анель Баймурзинаға «ми шайқалуы», «самай аймағының гематомасы» және «бетінің жұмсақ тіндерінің жарақаты» деген диагноз қойылып, ауруханаға жатқызылды.
Қостанай облысы полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталған.
«Алғашқы медициналық көмек көрсету кезінде үй иелері мен дәрігерлер арасында жанжал туындаған. 41 және 51 жастағы әйелдер фельдшерге дене жарақатын салған», – деп хабарлады полиция.
Қазіргі таңда оқиға бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалды, тергеу жұмыстары «ұрып-соғу» бабы бойынша жалғасуда.