Журналист Михаил Козачковтың мәліметінше, Шымкент полиция департаменті блогер Айгүл Орынбекке қатысты қылмыстық істің тергелу барысы туралы ақпарат беруден бас тартқан. Дегенмен ол қажетті деректерді басқа жолмен алғанын айтады, деп жазады qandastar.kz
Козачковтың жазуынша, биыл күзде Шымкентте бұрынғы ҰҚК басшысының орынбасары Манат Сарбасовқа қатысты үкім жарияланған еді. Оған пара алу және мемлекеттік сатып алуларға байланысты заңбұзушылықтар бойынша айып тағылып, кінәлі деп танылған.
Осы істі тергеу кезінде ҰҚК-нің тергеу тобы Сарбасов пен Айгүл Орынбектің жиі байланысқанын анықтаған. Журналистің айтуынша, блогер Сарбасовтың өтінішімен пара бергені айтылған Эльмира Дүйсенқызымен кездесіп, одан арызын қайтып алуға үгіттеген. Тіпті оған заңгерлік көмек көрсету туралы келісімшарт жасағаны да көрсетілген.
Тергеу тобының жетекшісі Орынбектің әрекеттерінен үш қылмыс құрамының белгісі бар деп тапқан: 407-бап — «Сот төрелігін жүзеге асыруға кедергі келтіру», 423-бап — «Сотқа дейінгі тергеу мәліметтерін жария ету», 190-бап — «Алаяқтық». Осыған байланысты үш бөлек қылмыстық іс бөле шығарылып, материалдар Шымкент прокуратурасына жолданған.
Жағдайдың қалай жалғасқанын білу үшін журналист полиция департаментіне ресми сауал жолдаған. Алайда бірінші орынбасар Құрманбек Сахов қол қойған жауапта тергеу туралы ақпарат тек қылмыстық процеске қатысушыларға ғана берілетіні айтылған.
Ал Шымкент прокурорының орынбасары Ержан Марат Козачковтың сұрауына нақты жауап беріп, Айгүл Орынбекке қатысты қылмыстық істің бар екенін, оның 190, 407 және 423-баптар бойынша тергеліп жатқанын және істің Шымкент полициясында өндірісте тұрғанын растаған.
«Ал неге полиция бір жылдан бері істі не сотқа жібермей, не тоқтатпай отыр? Бұл — үлкен сұрақ», – деп жазады Михаил Козачков.


