Журналист Михаил Козачков Қазақстанда журналистика саласында қалыптасқан жағдайға алаңдаушылық білдірді. Ол Instagram парақшасында бірнеше әріптесінің қылмыстық істер бойынша күдікке ілініп, кейбірінің сотталып, кейбірінің үйқамақта отырғанын атап өтті. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы хабарлады.
Козачковтың айтуынша, журналистерге көбіне екі бап бойынша айып тағылады. Оның бірі — «Жала жабу» (әкімшілік құқықбұзушылық), екіншісі — Қылмыстық кодекстің 274-бабы «Көрінеу жалған ақпарат тарату». Алайда іс жүзінде бұл екі бап та бір әрекетке шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таратты деген айыптауға негізделеді.
«Неге дәл осы әрекет үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғаны түсініксіз», — дейді журналист.
Ол соңғы уақытта қоғамда резонанс тудырған істерден кейін заң әзірлеушілердің өзі 274-бапты қылмыстық кодекстен алып тастау, яғни оны декриминализациялау қажет екенін айта бастағанын жеткізді.
Атап айтқанда, бұл туралы «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев, «Аманат» партиясының өкілдері Сергей Пономарев пен Ерлан Саиров, сондай-ақ Парламенттегі оппозиция атынан Ермұрат Бапи пікір білдірген. Козачков олардың әртүрлі саяси лагерь өкілдері екенін, бірақ журналистикаға қатысты көзқарастарының ұқсас екенін атап өтті.
Журналистің пікірінше, 274-бап журналистерге арнайы бағытталғандай әсер қалдырады, ал басқа лауазымды тұлғалар жалған немесе қате мәлімдемелер жасағаны үшін ешқандай жауапкершілікке тартылмайды.
«Министрлер, әкімдер, депутаттар немесе шенеуніктер қате ақпарат айтса, бұл салдарға әкелмейді. Ал журналистер үшін бұл қылмыстық жазаға ұласуы мүмкін», — деп жазды ол.
Козачков сондай-ақ халықаралық тәжірибеге тоқталып, журналистерді жалған ақпарат үшін қамауға алатын елдердің басым бөлігі демократиялық мемлекеттер емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай тәжірибе Эритрея, Солтүстік Корея, Сауд Арабиясы, Иран, Қытай, Вьетнам секілді елдерде, сондай-ақ посткеңестік кеңістікте — Ресей, Беларусь, Әзербайжан, Өзбекстан және Қырғызстанда кең таралған.
«274-бап төңірегіндегі қазіргі талқылау — бұл қоғамның қай бағытта дамитынын айқындайтын таңдау. Журналистиканың елдегі рөлі қандай болатыны да осыған байланысты», — деп түйіндеді Михаил Козачков.


