
Астанада жалғызбасты ана жеңіл лазерлі көз отасын жасату үшін медициналық орталыққа барған соң күтпеген жерден көз жұмды, деп хабарлайды qandastar.kz. Бұл туралы марқұмның қызы әлеуметтік желіде баяндап, жағдайдың күмәнді тұстары көп екенін айтты.
Айтуынша, операция небәрі 30–40 минутқа созылатын болған және алдын ала тексерулер кезінде ешқандай қарсы көрсетілімдер анықталмаған.
«Анам екі бауырыммен бірге тұратын. Мен тұрмыстамын. Сіңлім 20 жаста, інім үш жаста. Анам маған 3 жасар інімді қарап үйде қалуымды өтінді. Операция 30–40 минут қана созылады, ешқандай кері көрсеткіш жоқ деді. Отаға бір сағат қалғанда анама тағы бір диагноз қойғанын кейін білдік», – дейді Ақерке.
Оның сөзінше, анасы ота кезінде күтпеген жерден жағдайы нашарлап, басқа ауруханаға ауыстырылған. Дәрігерлер өлімнің себебі жүрек қызметіне байланысты деген қорытынды шығарған.
«Бірақ түсініксіз жайттар өте көп. Ота жасалған емханадан басқа ауруханаға ауыстырған. Ал жауапты дәрігерлер әлі де бостандықта жүр», – деді марқұмның қызы.



