Әлемдік геосаясатта күшке сүйенген басқару формасы — кратократияның белгілері айқын көріне бастады. Бұл туралы журналист Нұрмұхаммед Байғараев айтты, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Оның айтуынша, кратократия — билік күш қолдану арқылы жүзеге асатын жүйе, мұнда «кім күшті болса, құқық та соныкі» деген қағида үстемдік етеді. Журналист 2025 жыл халықаралық құқықтың әлсіреп, ал күшті державалардың ықпалы артқан кезең ретінде аяқталып келе жатқанын атап өтті. Оның пікірінше, БҰҰ қазіргі жағдайда бақылаушы рөлінен аса алмай отыр.
«Биыл әлемде орын алған бірқатар әскери әрекеттерді мысалға келтіруге болады. Атап айтқанда, Ресейдің Украинаға соққыларының жалғасуы, Израиль мен АҚШ-тың Иранға жасаған шабуылдары, Палестина аумағындағы соғыс қимылдары, АҚШ, Израиль және Ұлыбританияның Йеменді бомбалауы бар. Сондай-ақ Израильдің Қатардағы нысанға зымыран соққысын жасағаны және АҚШ-тың Венесуэланы теңіз блокадасына алғаны да назарда.
АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэла билігін террорлық ұйым деп жариялап, санкция енгізіп, елді әскери-теңіз күштері арқылы қоршауға алды. Бұл да халықаралық қатынастардағы өктемдіктің көрінісі», — деді ол Facebook парақшасында.
Нұрмұхаммед Байғараевтың пікірінше, өркениет дамыған сайын ірі державалардың қысымы күшейіп келеді, ал жасанды интеллект болашақта бұл артықшылықты одан әрі арттыруы мүмкін. Мұндай жағдайда шағын және дамушы елдер үшін басты жол — экономиканы өндіріс негізінде нығайту, қорғаныс қабілетін арттыру, ірі державалармен дипломатиялық қатынасты күшейту және халықаралық ортада аман қалудың прагматикалық жолдарын іздеу.



