Қаржы және төлемдер
Кредиттің бәрін тек мал сатып алуға ғана бере беруге болмайды – Мақсат Толықбай

сурет: parlam.kz
Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге депутаттық сауал жолдап, «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асырудағы бірқатар мәселені көтерді, деп жазды qandastar.kz
Депутаттың айтуынша, 2023 жылы бағдарлама аясында 100 млрд теңге көлемінде шағын несие беріліп, 15 000 жаңа жұмыс орны ашылған. Алайда жобаның жүзеге асырылуында бірқатар қиындықтар бар. Оның ішінде, несие алушыларға қойылатын бюрократиялық кедергілер мен қаржыландыру тетіктерінің жеткіліксіздігі басты проблемалар ретінде аталды.
Несие алу – қиын, қаржыландыру – жеткіліксіз
Мақсат Толықбайдың мәліметінше, «Ауыл аманаты» жобасы 7 жыл ішінде 350 мың жұмыс орнын ашуды және жыл сайын кемінде 20-25 мың азаматқа несие беруді көздейді. Алайда, өткен жылы бұл мақсатқа тек 20 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар, ауыл кәсіпкерлері қажетті құжаттарды жинау барысында бірнеше ай уақыт жоғалтатынын да тілге тиек етті.
Депутат: «Әлжуаз әлеуметке бюрократия үш-төрт айлап құжат жинатып, табанынан тоздырады. Бұл бір. Екіншіден бұл жобаны қаржыландыру тетігі де қарын ашытады», – деп атап өтті.
Кооперативтерде маман тапшылы
Депутат ауыл шаруашылығы кооперативтерінде ветеринар, зоотехник, механизатор, агроном сияқты білікті мамандардың жетіспеушілігі өзекті мәселе екенін атап өтті. Оның пікірінше, өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (СПК) несие таратумен ғана шектелмей, ауылдағы мәселелерге кешенді түрде назар аударуы керек.
«Әкімдіктерді мазалайтын екі-ақ мәселе бар. Несие алатын адамдардың санын толтыру және берген ақшаны игеру. Бітті», – деді депутат.
«Агросауат» оқу орталықтары ашылуға тиіс
Мақсат Толықбай Президенттің «Агросауат» оқу орталықтарын барлық аудандарда ашу туралы тапсырмасының орындалмай отырғанын да сынға алды. Оның пікірінше, ауыл халқының табысын арттыру үшін оларға ауыл шаруашылығы бойынша технологиялық карталарға оқыту жүйесін қалыптастыру қажет.
«Бұл жүйені іске қоспай, қалыптастырмай ауыл халқының табысын көтеру мүмкін емес. «Агросауат» орталығы жүйе қалыптастыратын, білмегенге үйрететін, білгенге қолдау болатын орталық», – деді ол.
Ауыл шаруашылығында шешімін таппаған мәселе көп
Депутат ауыл шаруашылығында жем-шөп дайындайтын орталықтардың жоқтығы, лизингке берілетін техниканың қосалқы бөлшектерін қамтамасыз ету және қызмет көрсету жүйесінің реттелмегенін де көтерді. Бұл мәселелерді шешу үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігін айтты.
«Жалпы кредиттің бәрін тек мал сатып алуға ғана бере-беруге болмайды. Мал жатқанға емес, баққанға бітеді. Ал оны бағып қағу үшін жайылымдардың жайын айтпағанда, елде әлі күнге дейін көпке үлгі болатын жем-шөп дайындайтын орталықтар жүйесі жоқ. Бұл да өзекті. Сонымен қатар, қазір шалғайдағы ауылға лизингке тракторлар беріле бастады. Жақсы бастама. Бірақ техника ертең сынбай ма? Оған ары қарай қосалқы бөлшектерін қайдан алады ел? Жаппай тракторларға қызметті кім көрсетеді? Техниканың сақталуын кім қамтамасыз етеді? Қысқасы айта берсең басы ашық сұрақтар өте көп. Сондықтан Сізден, осы мәселелерге шұғыл арада назар аударуыңызды сұраймын», – деді Мақсат Толықбай.
turkystan.kz хабарлағандай, сауал соңында Мақсат Толықбай Ұлттық экономика министрінен «Агросауат» оқу орталықтарын ашу жоспары мен ауыл шаруашылығын қолдауға қатысты нақты шешімдерді шұғыл түрде ұсынуды сұрады.