Қазақстан мен шетелде «арзан саяхат пен круиз ұсынатын» компаниялар көбейіп, азаматтарды қаржы пирамидасына тартуда. Бұл туралы Stop-piramida.kz жобасының жетекшісі Юрий Ли BES.media-ға берген сұхбатында айтты, деп хабарлады qandastar.kz.
Ай сайынғы «туристік жазылым» ақшасы балл түрінде жиналып, кейін сапар ақысын төлеуге болады делінеді. Бірақ көп жағдайда қатысушылар жылдар бойы ақша құйып, ешқайда бара алмай қалады. Тарифтер жиі өзгеріп, қаражатты тек алғашқы 14 күнде ғана қайтаруға мүмкіндік бар.
«Клиент круизге тек бронь жасайды, ал виза мен жол шығынын өзі өтейді. Виза берілмесе — баллдар жойылады», — дейді Юрий Ли.
Компаниялар жаңа қатысушыларды тартуға міндеттейді: үш адам жазылса ғана «тегін сапар» беріледі. Нәтижесінде адамдар өздері білмей пирамида тізбегінің бөлігіне айналады.
Мұндай ұйымдардың көбі шетелде тіркелгендіктен, ақшаны қайтарып алу не сотқа жүгіну іс жүзінде мүмкін емес. Сарапшылар қазақстандықтарды кез келген «туристік жазылым» алдында келісімшартты мұқият оқуға және жаңа қатысушыларды тарту шарты бар жүйелерден сақ болуға шақырады.