Экономист Айбар Олжаев Иран Ислам Республикасының президенті Масуд Пезешкианның Қазақстанға жасаған ресми сапары дәл уақытында өткенін атап өтті. Бұл туралы Qandastar.kz хабарлайды.
Оның айтуынша, қазіргі жағдайда елімізге баламалы логистикалық бағыттар тым қажет, әсіресе мұнай тасымалы бойынша.
«Иран Қазақстан үшін Парсы шығанағы арқылы әлемдік мұхитқа шығатын төте жол бола алады. Орта мерзімді перспективада әзірленуі мүмкін «Қазақстан–Түркіменстан–Иран–Түркия» мұнай құбыры жобасында да Тегеран негізгі ойыншыға айналуы ықтимал», — деді ол facebook парақшасында.
Қазіргі таңда Қазақстан мен Иран «Қазақстан–Түркіменстан–Иран» теміржолы және Оңтүстік көлік дәлізі аясында серіктес. Иран Қазақстанға осы теміржол арқылы Парсы шығанағындағы Бендер-Аббас қаласында орналасқан Шахид Раджаи портынан жер бөліп, ұлттық терминал салуға мүмкіндік берген.
Айбар Олжаевтың айтуынша, бастапқыда 3-5 млн тонна жүк өткізуге арналған теміржолды жаңғырту арқылы 8-12 млн тоннаға дейін ұлғайтуға болады. Егер жылдық өткізу мүмкіндігі 10 млн тоннаға жетсе, Қазақстан металл, астық, мұнай өнімдері, тыңайтқыш, химия және құрылыс материалдары сияқты қайта өңделген сапалы экспортын жаңа нарықтарға шығара алады.
Shahid Rajaee — қазақ табысының жаңа кілті
Шахид Раджаи порты — Иранның ең ірі контейнерлік хабы. Жылдық жүк айналымы 100 млн тоннадан асады, контейнер тасымалының 80%-ы осы жерде жүзеге асады. Тереңдігі 24 метр порт Panamax және Post-Panamax класындағы алып танкерлерді қабылдай алады. 40-тан асатын халықаралық теңіз бағыты бар бұл порт Қазақстан үшін Парсы шығанағындағы алғашқы ұлттық логистикалық алаңға айналмақ.
Иран Қазақстан үшін жаңа КТК бола ала ма?
Экономистің айтуынша, Қазақстан мұнайының 80%-ы Ресей аумағымен өтетін Каспий құбыр консорциумы (КТК) арқылы экспортталады. Геосаяси тәуекелдер артып тұрған кезеңде бұл тәуелділік ел үшін үлкен қауіп.
Иран арқылы мұнай экспорттаудың екі техникалық жолы бар:
- Каспий арқылы танкермен жеткізу, кейін Иранның ішкі құбырлары арқылы Парсы шығанағындағы экспорт хабтарына шығару.
- SWAP (айырбастау) механизмі: Қазақстанның солтүстігіне жеткізілген мұнайды Иран өз мұнайымен Араб теңізі арқылы Қазақстан атынан экспорттайды.
Олжаевтың пікірінше, санкциялық тәуекелдерге қарамастан, бұл бағыт Қазақстан үшін болашақтағы маңызды балама бола алады. Тегеран КТК-ны толық алмастырмаса да, жылына 10-15 млн тонна көлемді өзіне тартуы мүмкін.
Тоқаев пен Пезешкиан келіссөзі — стратегиялық қадам
Сапар аясында екі ел бірнеше экономикалық келісімдерге қол қойды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, соңғы 10 айда Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы 40%-ға өскен. Қазақстанда 700-ге жуық Иран компаниясы жұмыс істейді.
«Біз Иран компанияларын ұзақ мерзімді ірі жобаларға қатысуға шақырамыз», – деді Мемлекет басшысы.
Айбар Олжаев бұл келіссөздер Қазақстанның әлемдік мұхитқа оңтүстік бағыттағы қатынасын нақты айқындап, экспорт мүмкіндіктерін едәуір кеңейтетінін атап өтті.



