Қаржы және төлемдер
ҚТЖ кредиттік тәуекелдің «қызыл» аймағында тұр
Фото: el.kz
Елімізде көлік саласы ақсап тұр. Жоғары аудиторлық палатаның жүргізген тексерісі мен оның нәтижесі де соны айшықтайды. Жақында мәселелердің бетін Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов та бүкпесіз ашты, – деп хабарлайды qandastar.kz.
Оның айтуынша, теміржол саласындағы тиімсіздік, триллиондаған, қайта-қайта алынған қарыздар, соның ішінде Зейнетақы қорынан алынған қарыздар, министрліктің бақылауының тым әлсіздігі, Самұрық Қазынаның басқаруының тиімсіздігін көрсетеді. Жоғары аудиторлық палата Төрағасының баяндамасы соған дәлел.
«29 млрд теңге көлемінде қаржылық бұзушылықтар, 168 млрд теңге көлемінде бюджеттік қаражатты тиімсіз жоспарлау және пайдалану анықталды. Экономикалық шығындар мен жіберілген пайда 307 млрд теңгені құрады.
Жеке жүк тасымалдаушылар ең пайдалы тасымалдарды жүзеге асырады, атап айтқанда, мұнай мен мұнай өнімдерін, сондай-ақ электрификацияланған учаскелерде толық пойыз құрамы бар маршруттарды. Жеке теміржол жүк тасымалдаушыларының тарифі жоғары. Кейбір жағдайларда 32%-ға дейін жоғары. Сонымен қатар, нақты шығындарды қамтымайтын шығындар қосылады», – дейді Жоғары аудиторлық палата Төрағасы.
Айта кетейік, 2020 жылдан 2023 жылға дейінгі кезеңде КТЖ-ның жалпы жүк айналымының 73%-ы өзіндік құнынан төмен тарифтермен тасымалданған. Реттелетін тарифтер бойынша шығындар 907 млрд теңгені құрады, оның ішінде жартысынан көбі – экспортқа.
Компания қазір кредиттік тәуекелдің «қызыл» аймағында тұр. Оның қарызы 2024 жылдың басында 2,9 трлн теңгені құрап отыр.
М.Снадин