Орта салмақта WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы өзіне қатысты туындаған допинг дауынан кейін қолдаушыларына үндеу жасады, деп жазады qandastar.kz порталы.
Боксшы шетелдіктер бұл жаңалықты қуана қарсы алғанын айтып, отандастарына алғысын жеткізді.
«Қолдап жатқан спортшы бауырларым мен жанкүйерлерге ерекше алғыс айтамын. Шетелдіктер дауға қуанып жатқанда, өз қазағым оларға қосылмай, жатқа жығып бермей, қасымнан табылып, таза екенімізге сенім білдіріп жатқаны жаныңа демеу болады екен!
Менің бір қуанатыным, бокс мансабымда жаман жанкүйер жинамаппын! Мен қазаққа болысатын, қазақ үшін жаны ауыратын, қазаққа жақтасатын жанкүйер жинаппын!
Менің жанкүйерлерім тек көк туды желбіреткенде ғана қасымнан табылатын емес, қиындықта да қолдайтын жанкүйер екен! Бұл түсіне білгенге спортшы үшін үлкен бақ!», — деп жазды ол.


