Жаңалықтар

“Құдам Кіші жүз, құдағиым атақты Адай руынан”. Санжар Тайжан үйленді

Фото: ашық дереккөз

  • Белгілі бизнесмен әрі саясаткер Мұхтар Тайжанның ұлы Санжар Тайжан үйленді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл туралы М.Тайжанның өзі әлеуметтік желі арқылы сүйінші хабар таратты.

“Балам Санжар мен ақ келініміз Айнұр ресми үйленді, достар! Құдаларымызбен келісімге келіп Алматыда бірыңғай қыз ұзату мен үйлену тойды бірден және бірігіп өткізіп алдық! Ортақ тойымыз ерекше тамаша өтті! Балалар бәрін өздері-ақ ұйымдастырды, деді Мұхтар Тайжан Іnstagram желісіндегі парақшасында.

Сондай-ақ саясаткер құдасының Кіші жүздің Әлім руының өкілі, құдағиы атақты Адай руының қызы екенін жазып, өзінің бұған риза екенін де қоса кеткен.

САНЖАР ТАЙЖАН КІМ?

Санжар Тайжан – танымал инженер, еліміздегі «100 жаңа есім» жобасының төртінші кезеңінің жеңімпазы, Warwick Boring негізін қалаушы әрі бас инженері.

Жас инженер қазақстандықтарға сонау 2019 жылы Илон Маск пен оның HyperLoop жобасы үшін бұрғылау машинасының прототипін құрастырған маман ретінде жақсы таныс. Ол 2021 жылы TaiSan стартапын құрды. 2022 жылдың желтоқсанында TaiSan әлемдегі ең ірі электрлік ұшақтарды шығаратын Vertical Aerospace компаниясымен аккумуляторлық бөліктерді дамытуға қолдау көрсету туралы келісімшартқа отырды. Бұл нөлдік эмиссиясыз ұшақтар шығаруды көздеп отырған британдық компания.

Стартап британдық Үкіметтен, қорлардан және мемлекеттік органдардан 520 000 доллар көлемінде қаржылық қолдау тапты. Компания бірнеше автокөлік компанияларымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.

2023 жылдың күзінде Ұлыбританияның көлік министрлігі TaiSan стартапын 67 өтініш берушінің ішінен таңдап, «2023 жылдың ең перспективалы жобасы» деп таныды.

Санжар Тайжанның айтуынша, ол стартапты одан әрі дамытып, Қазақстанда жобаларын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Ол қазақтың тұңғыш электромобилін жасағысы келеді.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close