Әнші Айдана Меденова үш жыл бойғы үзілістен соң сахнаға қайта оралды. Ол «Gakku» телеарнасына берген сұхбатында өнерден уақытша кетуіне не түрткі болғанын айтып берді, деп жазады qandastar.kz.
Айдананың айтуынша, бұл шешімге бір ғана емес, бірнеше өмірлік және кәсіби жағдай әсер еткен. Ол сол кезеңде шығармашылық жағынан өте белсенді болғанын, жолдасымен бірге бір команда болып жұмыс істегенін еске алды. Бірге әндер жазып, бейнебаяндар түсіріп, түрлі жобаларды жүзеге асырған. Алайда жеке өмірлерінде қиын сәттер көп болғанымен, оларды көпшілікке көрсетпеуге тырысқан.
«Сырт көзге бәрі жақсы сияқты көрінетін. Біз әрдайым күліп, проблемамыз жоқтай жүрдік. Сол уақытта менде жарнамалық келісімдер де, ірі жобалар да көп болды. Бірақ отбасымызда ауыр кезеңдер басталды. Әкемнен айырылу мен үшін үлкен соққы болды. Соған қарамастан, жұмысты тоқтатпай, бәрін ішімізде сақтадық. Ақыры қатты шаршап, үзіліс алғым келді. “Өнерден кетемін” деген шешімім күйеуіме де күтпеген жаңалық болды», – дейді әнші.
Ол өздерінің жұмысқа өте жоғары талап қоятынын да жасырмады. Айдананың сөзінше, олар әрбір концертке, образға, клипке бар күшін салып, мінсіз болуын көздейтін. Уақыт өте келе дәл осы үздіксіз қарқын оның әбден қажуына әкелген.
Сонымен қатар, әнші қоғамда тараған түрлі алыпқашпа әңгімелерге де тоқталды. Кейбір әріптестері мен туыстары оның орамал тағып, сахнадан кетуін күйеуінің шешімімен байланыстырған екен.
«Көп адам күйеуім мені өнерден шектеді деп ойлапты. Кейін оны естіп, өзім де таң қалдым. Тіпті жақындарымның арасында да солай ойлайтындар бар екен. Ал бізді шын мәнінде білетін адамдар ондай пікірдің шындыққа жанаспайтынын жақсы түсінеді», – деп түйіндеді Айдана Меденова.



