
Қазақстандық суретші Ербосын Мелдібековтің әйгілі «Құлаған Назарбаев» атты инсталляциясы Ресейдің астанасындағы Garage заманауи өнер музейінің коллекциясына енді, деп хабарлайды /qandastar.kz
Бұл туынды алғаш рет Алматыда өткен «Боран – Байқоңыр: Жібек жолы мен Құс жолының арасы» көрмесінде ұсынылған болатын. Көрмеде автордың еңбегі көпшілік назарын өзіне аударып, қоғамда түрлі пікірлер туғызған еді.
Инсталляция бес қола мүсіннен тұрады. Ол — Талдықорғанда орнатылып, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде құлатылған Назарбаев ескерткішінің көркемдік нұсқасы. Суретші үш секундқа созылған құлау сәтін баяу қозғалыс кадрларына бөліп бейнелеген. Шығарманың көркем шешімі арқылы ескерткіштің құлап бара жатып қайта көтерілу әсері берілген.
Көрме кезінде бұл жұмыс төңірегінде дау туындаған: кейбір қатысушылар мен демеушілер оны экспозициядан алып тастауды сұраған. Алайда суретші өз ұстанымында қалып, туынды көрмеден алынған жоқ. Осыдан кейін көрмені қолдаған қор суретшімен әріптестігін тоқтатқан.
Қазір инсталляция Мәскеудегі Garage музейіне сатылып, шетелдік коллекцияға енді. Музей өкілдері нақты соманы жария етпегенімен, еңбектің құны бірнеше ондаған мың доллар шамасында бағаланатыны белгілі.



