
Атырау облысының Құлсары қаласында мектеп оқушылары арасында жанжал соңы қылмыстық іске ұласты, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Оқиға 5 ақпан күні тіркелгенін облыстық полиция департаменті мәлімдеді.
Алдын ала дерекке сәйкес, 10-сыныпта оқитын оқушы қатарластарымен келіспеушіліктен кейін агрессия танытып, балтамен шабуыл жасауға әрекеттенген.
Нәтижесінде екі жасөспірім жеңіл жарақат алған.
Аталған дерек бойынша бұзақылық бабы негізінде қылмыстық іс қозғалды.
15 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, ішкі істер органдарының профилактикалық есебіне енгізілді.
Сонымен қатар, жасөспірімнің заңды өкілдеріне қатысты әкімшілік жауапкершілік қарастырылып, материалдар кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияның қарауына жолданды.
Дәрігерлердің хабарлауынша, зардап шеккен оқушылардың жағдайы тұрақты, олардың өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.



