ЖаңалықтарСаясат

Құлыбаевтар Қазақ ұлттық университетінің аумағындағы бизнес-орталықты қайтаруға неге құлықсыз?

Мәжіліс депутаттары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аумағында орналасқан бизнес-орталық ғимаратын бұзуды ұсынды. Бұл туралы  Qandastar.kz ақпарат порталы Centralmedia24-ке сілтеме жасап хабарлады.

Бұған дейін аталған жер телімі кәсіпкер Тимур Құлыбаевқа тиесілі компанияның иелігінде болған. Алайда сот шешімімен заңды тұлға жерден айырылған.

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек бұл туралы Instagram парақшасында тікелей эфирде мәлімдеді. Оның айтуынша, Жоғарғы сот бірінші инстанция мен апелляциялық соттың шешімдерін өзгеріссіз қалдырған.

«Бұл жер ресми түрде мемлекеттің меншігіне өтті. Алайда Тимур және Динара Құлыбаевтарға тиесілі “Omirex” және “Atlas Development” ЖШС заңға сәйкес бұл бизнес-орталықты өздері бұзуы немесе оны ҚазҰУ-дың балансына беруі тиіс. Осы мәселе бойынша мен Құлыбаевтарға мәжіліс алаңдары арқылы бірнеше рет жүгіндім. Бірақ, өкінішке қарай, олар ғимаратты университетке бергісі келмейді. Керісінше, жер қатынастары басқармасына бұл нысанға кеткен шығындарды өтеу туралы талап қойған. Сондықтан біз күресті жалғастырамыз. Егер жер босатылмаса, бизнес-орталық мемлекетке қайтарылмаса немесе бұзылмаса, мен мәжілісте сот шешімімен оны сүріп тастауды талап етемін. Заң  бәріне ортақ», – деді депутат.

Айта кетейік, бұған дейін Тимур және Динара Құлыбаевтарға тиесілі «Алмэкс» холдингтік тобы Halyk Bank-тің 7,6% акциясын 475,41 млн АҚШ долларына сатқан болатын. Мәліметке сәйкес, акцияларды орналастыру халықаралық және қазақстандық алаңдарда өткен.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button