Қаржы және төлемдер
Құн салығы өссе не өзгереді?
Елімізде қосымша құн салығын (ҚҚС) 12 пайыздан 20 пайызға көтеру жоспарланып отыр. 28 қаңтарда Астанада өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында премьер-министрдің орынбасары және ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жаңа Салық кодексі жобасында қаралатын өзгерістер туралы хабарлаған еді. Осыған орай qandastar.kz өзекті тақырыпқа жан жақты талдау жүргізіп көрді.
Фото: ашық дереккөз
Әлемдегі ахуал қалай өрбіп жатыр?
Қосымша құн салығы (ҚҚС) – мемлекетке төленетін жанама салықтың бір түрі, ол тауарлар мен қызметтердің қосымша құнына салынады. Қарапайым тілмен айтсақ, ҚҚС тауарды немесе қызметті өндірудің әр кезеңінде, сондай-ақ оны соңғы тұтынушыға сатқан кезде төленеді. Қосымша құн салығы қалай өсетінін қарапайым тілмен түсіндірсек. Мәселен, кәсіпкер наубайханадан нанды 100 теңгеден алса, үстінен көретін 30 теңгесін және 20% қосымша құн салығын қосады. Сөйтіп тұтынушыға тауарды 156 теңгеге сатады. Мұнда мемлекетке түсетін қаражат – 26 теңге. Тоқтала кететін жайт, қосымша құн салығының мөлшері өссе, республикалық бюджетке түсетін қосымша қаражат алдағы 5 жылда 7,5 трлн теңгеден 10 трлн теңге дейін жетпек. Тағы бір тұсы, тауарлардың бағасы 4 пайызға қымбаттауы бек мүмкін. Бірақ соған сай зейнетақы мен жәрдемақыға үстеме қосылады дейді мамандар.
Сараптап қарасақ, салықтың бұл түрі әр елде әркелкі. ТМД елдеріне келсек, Ресей, Беларусь, Украина, Арменияда ол 20, Қырғызстанда 12, Тәжікстанда 18, Өзбекстанда 15 пайызды құрайды. Ендіге кезекте Еуропа елдеріне тоқталсақ. Германия, Аустрия, Болгария, Ұлыбритания, Словакияда бұл салық түрі 20 пайыздық деңгейде. Бельгия, Испания, Латвия, Литва, Нидерланд пен Чехияда – 21 пайыз. Италияда 22, Польша және Португалияда 23, Дания, Хорватия, Швецияда 25 пайызға жетеді. Ең көп Мажарстанда – 27 пайыз.
Азия елдеріне шолу жасағанда Малайзияда 6, Таиланд, Сингапурда 7, Жапония, Оңтүстік Корея, Вьетнамда 10 пайыз екенін анықтадық. Бұл ретте Аустралия, АҚШ, Канада сияқты бірқатар елдерде сату салығы барын алға тартқымыз келеді. Бұл екі салықты салыстыруға келмейді. Тауарларды өндіру барысында ҚҚС-қа тек қосымша құн салынады, ал сату салығы тізбелі әсер етеді, айналымға салық салынады, бұрын төленген салық есепке алынбайды.
Фото: Ақорда
Қазақстанда қосылған құн салығы көтерілуі мүмкін
Жоғарыда айтқанымыздай, Қазақстан Үкіметі қосылған құн салығының мөлшері мен оны төлеушілер қатарын көбейтуді ұсынып отыр.
– Негізгі салықтық жүктеме еңбекақы қорының үлесіне тиеді, яғни өнімнің өзіндік құнына әсер етеді. Тауар сөреге түспей жатып-ақ, кәсіпкер салықтардың басым бөлігін төлеуге мәжбүр болады. Үкімет еңбекақы қорына түсетін жүктемені төмендетіп, оны сату процесіне ауыстыруды ұсынады. Бұл үшін ҚҚС мөлшерлемесін көтеріп, әлеуметтік салықты және жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы төлемдерін азайту қажет. Бұл кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады, – деді Бектенов үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Артынша вице-премьер, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин да жаңа бастаманың жай-жапсарын жіктеп түсіндірді. Оның айтуынша, әңгіме салықты механикалық тұрғыда көтеру туралы емес, экономиканы жақсартуға және салық жүйесін қайта теңестіруге ұмтылу жөнінде болып отыр.
– Еңбекақы қорына жүктеменің шамамен 40 пайызын бизнес төлейді. Бұл – өнімнің өз бағасы. Бұдан өнімнің өз құны жоғары, ал өнімнің өзі бәсекеге қабілетсіз болады. Осыған байланысты қосымша құн салығы мөлшері жоспардағы деңгейге дейін көтерілсе, әлеуметтік салықты және жұмыс беруші төлеуге тиіс міндетті зейнетақы жарналарын жауып, соның есебінен еңбекақы төлеу қорына жүктемені орта есеппен 10 пайыздан 30 пайызға дейін төмендетуге дайынбыз. Бюджет бұл шығынды өз мойнына ала алады. Әлеуметтік салық жергілікті бюджеттердің негізгі кірісі екенін түсініп отырмыз. Қазірдің өзінде республикалық бюджеттен жергілікті бюджеттерге салықтың басқа түрлерін қайта бөлу бойынша нұсқаларды қарап жатырмыз, өңірлерге өтемақы төлейтін боламыз, – деді Жұманғарин.
Салық дифференциациясы туралы сұраққа жауап берген Жұманғарин «ауыл шаруашылығына 0 пайыз, оны көтермейміз, себебі оларды қолдау керек, бүкіл тағам сол жақтан келеді, фармацевтика, медицинаға – 10 пайыз. Бұл ертең қарапайым адамның әл-ауқатына әсер етпес үшін» деп жауап берді.
Министрлік мамандарының сөзіне сенсек, қосымша құн салығынан бюджетке түсетін қаржы шағын және орта кәсіпті дамытуға, инфрақұрылымды жақсартуға жұмсалады. Су қоймаларын салу, экологиялық мәселелерді оңтайландыру тетіктеріне де бағытталмақ. Әзірге аталған салықтың нақты қанша пайызға көбейетіні, жылдық тауар айналымы қанша есе төмендейтіні белгісіз. Салық төлемі кәсіп иелеріне, тұтынушыларға барынша тиімді болуы үшін ұсыныс жан-жақты талқыға түседі. Нақты сандар ақпан айының ортасында анықталады деп күтілуде. Президент те мәселені басты назардан түсірмей, жан-жақты қарауды жүктегенін айту қажет.
Сарапшылар не дейді?
Өзекті мәселеге келгенде сарапшылардың пайымы маңызды. Бұл ретте экономист Сапарбай Жобаевтың пікіріне құлақ астық.
Фото: ашық дереккөз
– Қосымша құн салығын бірден 20 пайыз емес, 16-18 пайызға көтерсе, біздегі кәсіпкерлер де, делдалдар да, кәсіппен шұғылданатындарға оншалықты білінбейуі мүмкін. Себебі бұл қосыша құн салығын төлеуші, бұл – тұтынушы. Оны кәсіпкерлер өзінің сатып алған затына қосымша құнын төлесе, тек өзіндегі жалақыға, коммуналдық төлемге қосады да, құнын тұтынушыға қосып бере салады. Яғни, кәсіпкерде мұның үлесі 4-5 пайыз болуы мүмкін, – деді экономист.
Тағы бір сарапшы, «Учёт»компаниялар тобының негізін қалаушы, салық мәселелері жөніндегі сарапшы Максим Барышев ҚҚС мөлшерлемесін 20%-ға көтеруге түбегейлі қарсылық танытты.
«Менің қолымдағы есеп бойынша, бұл өзгерістер қабылданса, бюджетке шамамен 7,5 трлн теңге көлемінде қосымша кіріс түседі деп болжанады. Онда да бұл ақша сіз бен біздің қалтамыздан шығады. Басқаша айтқанда, Қазақстанның әрбір азаматы, кішкентай сәбилерді де қосып алғанда, жыл сайын қосымша 375 мың теңге салық төлейді деген сөз. Елдегі орташа жалақы 390 328 теңге болса, ҚҚС көтерілген жағдайда әр қазақстандық жылына бір айлық табысын салыққа беруі керек болады», – деді ол әлеуметтік желідегі жазбасында.
Қаржы және микроэкономика шолушысы Айбар Олжаев та тақырыптан тыс қалып, үнсіз қалған жоқ. Ол жалақы алатын халықтың айлығы ОПВР мен әлеуметтік салықтың жойылуы есебінен өсетінін алға тартады.
Фото: kazbusiness.kz
«Бұл айлық төлеп отырған кәсіпкерлерге де тиімді. Себебі еңбек ақы төлеу қорына түсетін жүктеме шамамен 40 пайызды құрап келді. Егер бюджеттің кірістері бюджеттің шығыстарына деңгейлес бола алса, онда Ұлттық Қор қаржысын күнделікті нанымызға жеп отырудан құтылып, оны экономикамызды өркендететін әлеуеті бар үлкен жобаларға бағыттай аламыз» деген пікірде сарапшы.
P.S Жаңа өзгеріс бойынша, тек қосымша құн салығы мөлшері ғана емес, ҚҚС тіркеу шегі де өзгермекші. Қазіргі заңнамаға сәйкес қаржы айналымы 78 млн теңгеден асатын бизнес иелері ғана ҚҚС төлейді. Енді Үкімет ұсынысы қабылданса, айналымы 15 млн теңгеден асатын кәсіпкерлер де қосымша құн салығын төлеуі керек.
М.СНАДИН