Жаңалықтар
Құны 100 миллиардтан асатын келісімшарттың бұзылуы: «Қазақстан ғарыш сапары» түсініктеме берді

«Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы малайзиялық инвестормен арада жасалған ірі келісімшарттың бұзылуына қатысты ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды qandastar.kz
Айта кетсек, осы негізде алдында арнайы баспасөз мәслихатын ұйымдастырған шетелдік компания ҚазҒарышСапарымен арадағы жобаға 20 млрд теңге салып үлгергендерін, бұл қаражатқа Астанада мектеп, тұрғын үй кешені салынып, қажетті коммуникациялар тартылғанын мәлімдеген еді. Кәсіпкерлердің айтуынша, одан ары қарай әлі 96 млрд теңге көлемінде инвестиция салу жоспарланған.
Ұлттық компания King Development компаниясымен 2018 жылы Астанада Ұлттық ғарыш орталығының әлеуметтік инфрақұрылымын салу жөнінде келісімшарт жасалғанын нақтылады, деп хабарлайды Informburo.kz. Инвесторға ұзақмерзімге пайдалану үшін 14,5 гектер жер телімі де берілген екен.
«Алты жыл ішінде жоспарланған алты тұрғын үй блогының біреуі ғана толығымен салынған. Қалғандарының құрылысы белгіленген мерзімде және қазіргі уақытқа дейін аяқталмаған, тіпті төрт блок бойынша құрылыс жұмыстары келіскен мерзімге сай қолға алынбаған да. Бұл арадағы қарым-қатынастың бұзылуының негізгі себептерінің бірі болды, өйткені объектілерді тапсырудың белгіленген мерзімдері өрескел бұзылды. Оның үстіне, келісімшарттың 3.4-тармағына сәйкес, King Development нысаналы қолданысқа мүмкіндік беретін инфрақұрылымдарды дамыту үшін жер учаскелеріне инженерлік желілерді өз есебінен салуы міндетті», делінген «Қазақстан ғарыш сапары» хабарламасында.
Dalanews.kz жазғандай, Ұлттық компания инвестор жалдау ақысын белгіленген мерзімнен жүйелі түрде кешіктіріп төлегенін де айтады.
«Біз олардың жағдайымен санасып, мерзімдерді шегеріп, жалдау шарттарын жеңілдеттік. Барлығы осындай жеті қосымша келісімге қол қойылды, бірақ құрылыс жұмыстары ешқашан толықтай қалпына келген емес», — дейді ұлттық компаниядағылар.