Жаңалықтар
«Құны 2 миллиард теңге»: Назарбаевтың «әйелдері» мен туыстарының Дубайда қандай үйлері бар?
Фото: Stan.kz
Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туыс-жақын, құда-жекжаттарының БАӘ-дегі жылжымайтын мүліктерін “Азаттық радиосы” түгендеді. Шетелдегі элиталық пәтерлер мен үй иелерінің қатарында Назарбаевтың азаматтық некедегі әйелдері Әсел Құрманбаева мен Гүлнар Рақышева және құдасы Берік Имашев та бар. Бұл туралы qandastar.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлия Назарбаева
238 адамның өмірін қиған “Қаңтар оқиғасы” кезінде Назарбаевтың кенже қызы Әлия Назарбаева Instagram әлеуметтік желісінде халықты сабырға шақырыды. Желі қолданушылары геолокацияға қарап, жазбаның Біріккен Араб Әмірлігінде жарияланғанын анықтады. Бұл әрекетінен кейін сынның астында қалған ол жазбасын өшіріп тастады.
Ал британдық «Telegraph» басылымы Әлия Назарбаеваның Қазақстаннан 300 миллион доллар алып кеткенін жазды. Бұл ақшаға жеке ұшақ, Лондон мен Дубайдағы сарайлар сатып алынған. Журналистердің жүргізген зерттеу нәтижесінде бұл соманың 14 миллион доллары Дубайдан вилла мен бірнеше үй сатып алуға жұмсалғаны белгілі болды.
Фото: Reuters
Әсел Құрманбаева
Дубайдағы қымбат үй иелерінің қатарында бірінші президенттің азаматтық некедегі әйелі Әсен Құрманбаева да бар. Оның Palm Jumeirah аралындағы “Aquamarine Residence-31 кешенінің екінші қабатында үш бөлмелі пәтері бар болып шықты. Нысанның ауданы 210 шаршы метрге тең. Жылжымайтын мүліктің нарықтағы құны 900 миллион теңгеден (2 миллион доллар) басталады. Үйдің жанында бассейн бар, ал аумағында инфрақұрылым айтарлықтай дамыған.
Әсел Құрманбаева «Астана Балет» театрының арт-жетекшісі (құжаттарда оның тегі Құрманбаева деп көрсетілген, бірақ театр сайтында Исабаева деп көрсетілген). Оның есімі оффшорлық компаниялар арқылы 30 миллион доллар алғаны туралы халықаралық тергеуде де аталған.
Фото: Astanaballet.com
Гүлнәр Рақышева
Назарбаевтың тағы бір азаматтық некедегі әйелі, екі қызының анасы Гүлнәр Рақышева да Дубайдағы “Dubai Pearl” жобасына инвестиция салған. Оның құрылысы 2002 жылы басталып, 2009 жылы тоқтап қалды. Былтыр ғимарат аяқталмай жатып сүрілді. Рақышева салған инвестициясын қайтарды ма, әлде жаңа жобаға қатысуды жоспарлап отыр ма, ол жағы белгісіз. Жақында оның әлеуметтік желідегі парақшасында “кәсіп бастап, жұмыс жасау” туралы жазба пайда болды.
Фото: Видеодан скрин
Қайрат Сатыбалды
Ал Назарбаевтың жиені Қайрат Сатыбалдының Дубайда бірнеше пәтері бар. Пәтерлер жағалаудағы Shams-4 тұрғын үй кешенінде орналасқан. Қайрат Сатыбалды 2022 жылы 6 жылға бас бостандығынан айырылды, алайда 2024 жылы мерзімінен бұрын босап шықты. C4ADS мәліметінше, оның бір пәтері өзінің атына, үшеуі азаматтық некедегі әйелі Әсел Бақтиярқызының атына тіркелген. Тағы екі пәтер Сатыбалданың әйелдерінің бірі әрі бизнес серіктесі саналатын Саида Қанатбекқызына тиесілі.
Қайрат Сатыбалдының анасы Светлана Назарбаева ұлымен, оның азаматтық некедегі әйелдерімен, тіпті немерелерімен көрші тұруы мүмкін. Оның да Дубайда жылжымайтын мүлкі бар. 75 жастағы Назарбаеваның кешеннің екінші қабатында тұрды. Сатыбалды әулетіне тиесілі жеті пәтер нарықта шамамен екі миллиард теңгеге бағаланып отыр.
Фото: the-village-kz.com
Алтай Құлыбаев
Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы мен күйеу баласы Динара және Тимур Кулибаев Қазақстандағы ең бай адамдардың қатарында. Forbes-тің мәліметінше олардың байлығы 10 миллиард долларға бағаланып отыр. Олардың ұлы Алтай Құлыбаев Дубайда Palm Jumeirah аралындағы “Marina Residences” тұрғын үй кешенінде орналасқан пәтерге ие. 14-қабатта орналасқан пәтердің жалпы ауданы – 633 шаршы метр. Оның нарықтағы құны екі миллиард теңгеден асады.
Фото: Fjona Hill/Динара, Тимур, Алтай Құлыбаев
Раиса және Аманбек Құлыбаев
C4ADS жылжымайтын мүлік тізіліміне сәйкес, 2020 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңде құжатта қайтыс болған үй иелерінің аты-жөні көрсетілген. Palm Jumeirah аралындағы Al-Sultana кешеніндегі пәтер Тимур Құлыбаевтың анасы, экс-президенттің құда-құдағиы Раиса Құлыбаеваның атына, ал Abu Keibal-дағы пәтер оның ағасы Аманбек Құлыбаевтың атына тіркелген. Бұл нысандардың бағасы бір миллиард теңге, яғни 2,4 миллион доллардан асады. Иелері қайтыс болған соң олардың мүлкімен не болғаны белгісіз. Элиталық пәтер мұрагерге өтуі немесе сатылып кетуі мүмкін.
Бексұлтан Құлыбаев
Қанды қаңтар кезінде Бексұлтан Құлыбаев әлеуметтік желіде видео жариялады. Видеода ол “Сендерде атыс болып жатқан жоқ па? Абу-Дабиде атыс басталды” деп сұрады. Осы бейнежазбадан соң Бексұлтан Құлыбаев сынның астында қалды.
Бексұлтан Құлыбаев – Талғат Құлыбаевтың ұлы, Тимур Құлыбаевтың інісі. Оның Palm Jumeirah аралында Al-Sarood тұрғын үй кешенінде құны 500 миллион теңге болатын пәтері бар.
Талғат Құлыбаев
Жылжымайтын мүлік тізілімінде Талғат Құлыбаевтың есімі жазылған. Ол – Бексұлтанның әкесі, Тимур Құлыбаевтың үлкен ағасы. Талғат шетелден 30-қабаттан ауданы 861 шаршы метр пәтер сатып алып, құрылысы тоқтаған Dubai Pearl жобасына инвестиция салған. Құрылыс тоқтатылғаннан кейін бұл мүлікпен ары қарай не болғаны белгісіз.
Талғат Құлыбаев құқық қорғау саласында қызмет етті. 2010-2018 жылдар аралығында Алматы және Жамбыл облыстарының ішкі істер департаменттерін басқарды, сонымен қатар Ішкі істер министрлігі Академиясының бастығы қызметінде болды.
Жанар Сейдуалиева мен Қорлан Шәріпбаева
Бірінші президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева “Қаңтар оқиғасынан” кейін еш жерде бой көрсетпеді. Осылайша ол праламенттен кетсе, оның азаматтық некедегі күйеуі саналатын Қайрат Шәріпбаев QazaqGaz компаниясының басшылық қызметін босатты. Оның бұрынғы әйелі Жанар Сейдуалиева туралы көп ақпарат жоқ. Ол Palm Jumeirah аралында орналасқан The Residence South тұрғын үй кешеніндегі құны шамамен 1,5 миллиард теңге (3,5 миллион доллар) тұратын 328 шаршы метрлік пәтердің иесі ретінде тіркелген. 2015 жылғы құжаттарда Жанар Сейдуалиева мен Қайрат Шәріпбаев ерлі-зайыптылар ретінде көрсетілген, бірақ 2017 жылы бұл ақпарат алынып тасталды.
Қайрат Шәріпбаевтың қызы Қорлан Шәріпьбаева да ауданы 195 шаршы метрге тең, анасының пәтерінің жанынан пәтер сатып алды. Оның мүлкі 550 миллион теңгеден (1,25 миллион доллар) асады. Шәріпбаев QazaqGaz-тан кеткеннен кейін компаниядан құны 937 миллиард теңге болатын құқық бұзушылықтарды анықталды.
Берік Имашевтің отбасы
Жылжымайтын мүлік тізілімінің мәліметтері бойынша, Дариға Назарбаеваның құдасының да Дубайда жылжымайтын мүлкі бар. Оның үлкен ұлы Нұрәлі Әлиев Орталық сайлау комиссиясының бұрынғы басшысы Берік Имашевтың қызы Аида Имашеваға үйленді. ResidenceSouth кешеніндегі ауданы 160 шаршы метрлік, бағасы кемінде жарты миллиард теңге (1,1 миллион доллар) болатын пәтер Нұрәлі Әлиевтің енесі Лейла Адайбекованың атына тіркелген.
C4ADS мәліметінше, Берік Имашевтың ұлы Әлжан сол ғимаратта көлемі 483 шаршы метр, құны миллиард теңгеден асатын кең бірнеше пәтерге иелік етеді. Әлжан Имашев қаңтар оқиғасынан кейін ҚТЖ – Жүк тасымалы кәсіпорны директорының орынбасары қызметінен кетті.