Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Құны 200 мың теңгеден аспайтын бір креслоны 20 млн теңгеге сатып алған

Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде бюджет қаражатын жымқыру бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

ҚМА Шымкент қаласы бойынша департаменті тергеудің аяқталғанын хабарлады.

Күдіктілер қатарында бұрынғы бірінші проректор, қаржы және әкімшілік департаменттердің директорлары, өндірістік-техникалық бөлімнің қойма меңгерушісі, сондай-ақ мердігер ұйымдардың басшылары бар.

Күдіктілер тауарлар іс жүзінде жеткізілмеген немесе жасанды түрде қымбат бағамен сатып алынған, жалған мемлекеттік сатып алу шарттарын жасасқан.

Таныс жеке кәсіпкерлер мен коммерциялық ұйымдардың шоттарына аударылған қаражат кейіннен қолма-қол ақшаға айналдырылып, өзара бөлінген.

«Мысалы, осы схема аясында университет басшылығы нарықтық құны 200 мың теңгеден аспайтын бір креслоны 20 млн теңгеге сатып алған.

Нақты жеткізілімдердің болмауын жасыру мақсатында күдіктілер тозған тауарлық-материалдық құндылықтарды балансынан формалды түрде есептен шығарып, оларды іс жүзінде пайдалануды жалғастырған.

Ал есептен шығарылған мүліктің орнына келуі тиіс жаңа тауарлар мүлдем жеткізілмеген», — делінген мәлімдемеде.

Нәтижесінде мемлекетке 321 млн теңге көлемінде залал келтірілді.

Тергеу барысында күдіктілер 264 млн теңгені ерікті түрде өтеді.

Соттың санкциясымен олардың мүлкіне – 4 тұрғын үйге, 1 автокөлікке және банктік шоттардағы 40 млн теңге көлеміндегі ақшалай қаражатқа тыйым салынды.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button