ДенсаулықЖаңалықтар

Құны 79 млн теңге: Министрлік тегін жасалатын ең қымбат оталардың тізімін жариялады

Қазақстанда құны ондаған миллион теңгеге жететін жоғары технологиялық оталар мемлекет қаржысы есебінен жасалып жатыр. Денсаулық сақтау саласында енгізілген қаржыландыру тетіктері ең күрделі диагнозы бар науқастарға да үміт сыйлауда, деп жазады qandastar.kz

Бүгінде көмекші жүрек жүйесін имплантаттау ең қымбат жоғары технологиялық операция болып отыр. Оның құны – 79 млн теңге. Бірақ пациенттерге тегін жасалады. 2025 жылдың 11 айында мұндай жүйелер 59 пациентке орнатылды, олардың көпшілігі үшін операция өмір сүрудің жалғыз мүмкіндігі болды, – дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.

Ал екінші орында – аллогенді гемопоэтикалық дің жасушаларын трансплантаттау отасы. Оның бағасы – 17,4 млн теңге. Былтыр барлығы 117 операция жасалған болатын.

Былтыр жиі жасалған басқа да жоғары технологиялық оталар:

  • автоматты кардиовертер-дефибрилляторды имплантаттау (1 963 ота);
  • бас және мойын тамырларының эндоваскулярлық эмболизациясы және окклюзиясы (1 463 ота);
  • ұрықтың дің жасушаларын трансплантаттау (1 384 ота).

Бүгінде Қазақстанда 82 жоғары технологиялық медициналық технология қолжетімді. Олар педиатрия, нейрохирургия, онкология, кардиохирургия, травматология, урология, акушерлік және гинекология, сондай-ақ трансплантология сияқты негізгі клиникалық бағыттар бойынша көрсетіледі.

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында 1,6 мыңнан астам адамға ота жасалса, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы 17,5 мыңға жуық пациент ем алған. Өтелген шығындардың жалпы көлемі 79 млрд теңгеге жеткен. Бір операцияның орташа құны – 4,1 млн теңге.

Денсаулық сақтау министрлігі жоғары технологиялық медициналық көмекті дамыту мен кеңейту саланың басты басымдықтарының бірі болып қала беретінін мәлімдеді. Бұл бастама өмірді сақтап қалуға, мүгедектікті азайтуға және ең ауыр диагнозы бар азаматтарды да қалыпты өмірге қайта оралтуға мүмкіндік беріп отыр.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button