
Фото: Депутаттың жеке парақшасынан
Жаңа Құрылыс кодексінің жобасында қоғам үшін маңызды бірқатар әлеуметтік мәселелердің ескерілмегені белгілі болды. Бұл туралы Мәжіліс депутаттары өз алаңдаушылығын білдірді, деп хабарлайды qandastar.kz.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жаңа Құрылыс кодексі жобасында әлеуметтік маңызы жоғары бірқатар нормалардың ескерілмей қалғанын сынға алды. Оның айтуынша, бұл құжатта мектеп пен балабақшаны тұрғын үйлермен бірге салу талабы, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін нормалар мен сапасыз құрылысқа қарсы жауапкершілік шаралары қарастырылмаған.
Мектеп пен балабақша тұрғын үйлермен қатар салынуы тиіс
Депутаттардың айтуынша, былтыр қабылданған заң бойынша тұрғын үйлерді мектеп, балабақша және емхана сияқты әлеуметтік нысандарсыз салуға тыйым салынған болатын. Алайда жаңа Кодекс жобасында бұл норма алынып тасталған.
«Қазір көптеген жаңа шағынаудандарда мектеп те, емхана да жоқ. Мыңдаған отбасы көшіп келіп жатыр, бірақ балаларға оқу мен емделетін жер тапшы. Бұл – әділетсіздік», – дейді депутаттар.
Олар әлеуметтік нысандар салынбайынша құрылысқа рұқсат бермеу жөнінде нақты талап ұсынды.
Балалардың қауіпсіздігі — үнемдеуге болмайтын сала
Кодексте тағы бір маңызды норма – терезелерге қауіпсіздік құлыптарын орнату талабы да алынып тасталған.
«Балалардың терезеден құлап кетуі әлі де жиі кездеседі. Егер осы норма бір баланың өмірін сақтап қалуға көмектессе, ол міндетті түрде заңда болуы керек», – делінген мәлімдемеде.
Геология мен сапасыз құрылыс
Мамандардың пікірінше, геологиялық зерттеулер саласы әлі де бақылаусыз. Кейбір компаниялар зерттеу қорытындыларын нақты жұмыстарсыз-ақ рәсімдеп жібереді. Бұл кейін ғимараттардың шөгуіне, жарықтардың пайда болуына және апаттарға әкеледі.
Сондықтан депутаттар геологиялық зерттеу мен жобалау жұмыстарын нақты бөлу, сондай-ақ жауапкершілікті күшейту қажет екенін айтады.
Әлеуметтік жер телімдерінің мақсатсыз пайдаланылуы
Кей жағдайларда мектеп пен балабақшаға арналған жер телімдері кейін дүкен, тұрғын үй немесе түнгі клуб құрылысына беріліп кетеді.
Депутаттар мұндай тәжірибеге тыйым салып, тек балама жер 100 метр радиуста берілген жағдайда ғана рұқсат ету нормасын енгізуді ұсынды.
Меморандумдар – уәде емес, міндеттеме болуы керек
Кей құрылыс компаниялары әкімдіктермен меморандумға қол қойып, мектеп немесе әлеуметтік нысанды кейін саламыз деп уәде береді. Бірақ мұндай құжаттардың заңды күші жоқ.
Сондықтан депутаттар бұл келісімдер заң жүзінде міндеттемеге айналуы керек деп есептейді.
Жауапкершілік пен айыппұлды күшейту қажет
Қазір сапасыз құрылыс үшін салынатын айыппұлдар тым аз, ал жауапкершілік деңгейі төмен.
«Айыппұлдар бірнеше есе өсіп, өрескел бұзушылықтар үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылуы тиіс. Әйтпесе заңның әсері болмайды», – дейді халық қалаулылары.
Депутаттар заң мен министрлік бұйрықтарының айырмашылығына да назар аударды.
«Заң – жоғары күші бар құжат. Оны тек Парламент өзгерте алады. Ал бұйрықтар мен қағидалар ертең-ақ жойылуы мүмкін. Сондықтан негізгі нормалар заң деңгейінде бекітілуі керек», – деп түйіндеді олар.