Жаңалықтар

Қылмыскердің анасы өлім жазасына келісті: Қырғызстан 17 жастағы қыздың өлімінен кейін дүрлікті

Фото: Видеодан скрин

Қырғызстанның Ыстықкөл облысында 17 жастағы Айсұлу Мұқашеваның өлімі қоғамда үлкен ашу-ыза туғызды. Қайғылы оқиғадан кейін елде өлім жазасын қайта енгізу туралы мәселе кеңінен талқыланып жатыр, деп хабарлайды qandastar.kz Kgtimes сілтеме жасай отырып.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров бұл мәселе референдум арқылы шешілетінін мәлімдеді.

Тергеу дерегінше, Айсұлу Мұқашева қыркүйектің 27-сі күні Барскоон ауылынан Қарақол қаласына бара жатқан жолда жоғалып кеткен. Бейнебақылау камералары оның Honda Stream көлігіне отырған сәтін тіркеген. Көліктің рөлінде 41 жастағы ер адам болған.

Екі күннен кейін бойжеткеннің денесі Шу облысындағы Боом шатқалынан табылды. Тергеу мәліметіне сәйкес, күдікті қызды зорлап, тұншықтырып өлтіріп, кейін денесін биіктіктен лақтырып, шөппен жауып жасырған.

Полиция қылмыскерді бейнебақылау жүйесі арқылы анықтаған. Оның көлігі Бішкектегі теміржол вокзалы маңынан, ал өзі астананың бір ықшамауданынан ұсталды.

Күдіктінің бұрын бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. 2016 жылы ол 12 жылға сотталғанымен, кейін жазасы жеңілдетіліп, мерзімін өтеп шыққан.

Оқиғадан кейін күдіктінің анасы мәлімдеме жасап, марқұмның отбасына көңіл айтып, ұлына ең ауыр жаза беруге келісетінін айтты.

«Болған жағдайды естіп, есімнен тана жаздадым. Қыздың ата-анасы мен туыстарына жаным ашиды. Өз ұлымның да ең қатал жазаны алуына келісемін», — деді ол Serep.TV арнасына берген сұхбатында.

Қазіргі таңда іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Ел ішінде қатаң жаза мен әділдік талап еткен азаматтар саны күн санап артып келеді.

Back to top button