ЖаңалықтарҚаржы және төлемдерЭкономика және бизнес

Қымбатшылық қысып тұр: Қазақстандықтар жаңа жылдық корпоративтен бас тартуға мәжбүр

Жоғары шығынға байланысты Қазақстандағы көптеген компаниялар жаңа жылдық корпоратив өткізуден бас тартуға мәжбүр. Себебі бір адамға шаққандағы шығын кей жағдайда 50 мың теңгеге дейін жетеді. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы 31-арнаға сілтеме жасап хабарлады.

Телеарна мәліметінше, биыл шығындардың өсуіне байланысты бірқатар компаниялар мерекелік кештерден мүлде бас тартқан. Алайда көпшілігі дәстүрлі корпоративтен толықтай бас тартуға дайын емес. Дегенмен мерекені ұйымдастырушы мамандардың айтуынша, компаниялар шығындарды қысқартуға тырысып жатыр.

Әдетте стандартты пакетке ыстық тағамдар мен салаттар, сусындар, жүргізуші мен диджей, фото және бейнетүсірілім, сондай-ақ шоу-бағдарлама кіреді. Бағалар аймаққа қарай әртүрлі.

Рестораторлардың айтуынша, жұмыс күндері бір адамға арналған баға шамамен 23 мың теңге болса, демалыс күндері 25 мың теңгеге дейін көтеріледі. Бағаның өсуі азық-түлік пен асхана шығындарының қымбаттауына байланысты.

Ең жоғары баға Алматы қаласында тіркелген — бір адамға 30 мыңнан 50 мың теңгеге дейін, ал премиум ұсыныстар 100 мың теңгеден асады. Астанада корпоратив бағасы 20 мыңнан 70 мың теңгеге дейін жетеді. Көптеген өңірлерде баға 20-40 мың теңге аралығында. Ал ең қолжетімді нұсқалар Семей мен Ақтөбе қалаларында кездеседі, мұнда баға 10 мың теңгеден басталады.

Экономистер аймақтар арасындағы баға айырмашылығы сұраныс деңгейіне және маусымдық факторларға байланысты екенін айтады.

Қаржыгер Расул Рысмамбетовтің пікірінше, корпоратив бағасының қымбаттауы инфляциямен тікелей байланысты емес. Бұл желтоқсан айында бәрінің бір уақытта мереке өткізгісі келуінен туындайтын бәсекелестікпен түсіндіріледі.

Сонымен қатар компаниялар үнемдеу үшін алкогольден бас тартпайды, әрі жақсы жүргізушіге ақша аямауға тырысады.

Шоумен Алмас Калемовтің айтуынша, клиенттер көбіне орташа деңгейдегі мейрамхананы таңдап, бірақ тәжірибелі жүргізушіні жалдауға басымдық береді. Ал би бағдарламалары мен интерактивті ойындардан жиі бас тартады.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button