Қырғызстанда ресейлік пропагандист-тележүргізуші Владимир Соловьевке қатысты қатаң шара қолдану ұсынылды. Ел парламентінің депутаты Дастан Бекешев оны persona non grata деп жариялап, Қырғызстанға кіргізбеуді талап етті, деп жазады qandastar.kz.
Депутаттың айтуынша, Соловьевтің Орталық Азияға қатысты айтқан сөздері – ашық қорлау мен империялық астамшылықтың көрінісі. Осыған байланысты Бекешев Қырғызстанның Сыртқы істер министрлігі Ресей елшісін шұғыл шақырып, ресми наразылық нотасын тапсыруы тиіс деп есептейді.
«Мен Соловьевтің мәлімдемелерін оқыдым. Бұл – тәуелсіз мемлекеттерді менсінбеу. Мұндай адамға біздің елде орын болмауы керек. Оған Қырғызстанға кіруге тыйым салынуы тиіс», – деді депутат.
Еске сала кетсек, бұған дейін Соловьев эфирде Орталық Азияны Ресейдің «ықпал аймағы» деп атап, бұл өңірді Мәскеудің меншігіндей сөйлеген. Ол Ресейдің назарын Сирия немесе Венесуэла сияқты алыс елдерге емес, «жақын шетелге» — яғни бұрынғы кеңестік республикаларға аудару керек деген пікір білдірген. Мұндай сөздер аймақта үлкен наразылық туғызды.


