Қырғызстанда дәстүрлі емшінің «емінен» кейін бір жарым айлық сәби көз жұмды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы 24.kg сайтына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға Ош облысының Өзген ауданында болған.
Сәбидің ата-анасы дәстүрлі емшіге жүгінгеннен кейін бүлдіршін қайтыс болған. Жергілікті аурухана бұл оқиғаны растады.
Медицина қызметкерлерінің айтуынша, нәресте 21 қаңтар түні ауруханаға ауыр жағдайда түскен.
Балаға постгеморрагиялық шок және көп қан кету диагнозы қойылған. Оның жағдайы өте ауыр деп бағаланған.
«Ата-анасы баланы дәстүрлі емшіге апарып, арқасынан қан алынған. Гемоглобин деңгейі 45 болды, ал қалыпты диапазон 110-120. Өкінішке қарай, біз баланы құтқара алмадық. Рәсімдер қанша күнге созылғаны белгісіз, бірақ біз дереу жергілікті полиция бөліміне оқиға туралы хабарлама жібердік», — дейді дәрігерлер.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып, тергеу жүріп жатыр.



