АҚШ президенті Дональд Трамп егер Иран аумағынан өзіне қарсы қастандық жасалса, Иранды «толықтай жою» жөнінде бұйрық беретінін мәлімдеді, деп жазады qandastar.kz.
Бұл туралы ол Katie Pavlich Tonight бағдарламасында News Nation телеарнасының эфирінде айтты.
«Егер бірдеңе болса, біз бәрін жарып жібереміз, бүкіл ел жойылады. Менде өте қатаң нұсқаулар бар. Егер бірдеңе орын алса, олар жер бетінен өшіріледі», — деді Трамп.
Оның айтуынша, кеңесшілері мұндай жағдайда қалай әрекет ету керегін жақсы біледі.
Бұған дейін Иранның жоғарғы рухани көшбасшысы Әли Хаменеи АҚШ президентін жаппай наразылықтарды ұйымдастырды деп айыптап, оларды «америкалық астыртын әрекет» деп атаған. Оның сөзінше, Трамп «бүлікшілерді қорықпай, әрекеттерін жалғастыруға жеке өзі ынталандырған».
Сондай-ақ Иран әскерилері де ескерту жасады. Генерал Абольфазл Шакарчи Хаменеиға қарсы кез келген әрекет «ауыр салдарға» әкелетінін мәлімдеді.
Қатаң мәлімдемелер аясында Иран ішінде наразылықтар жалғасуда. Билік шамамен 5 мың адамның қаза тапқанын мойындаса, ирандық дәрігерлер мен құқық қорғаушылар құрбандар саны 16 500-ден асқанын, жүздеген мың адамның жараланғанын айтады.



