Әлеумет және қоғамЖаңалықтар
«Қыста балаларым курткамен ұйықтайтын»: Ақмоншақ Нұртаза өзінің еш жерде айтылмаған сырымен бөлісті

Танымал мектеп директоры, желі қолданушылары арасында беделге ие болған педагог Ақмоншақ Нұртаза балалары және отбасылық өмірі жайлы алғаш рет ашық айтты, деп жазды Qandastar.kz
Ол журналист Ләйлә Сұлтанқызының подкастында қонақта болып, кәсіби жолы мен ана ретіндегі тәжірибесімен бөлісті. Ақмоншақ ханым жолдасының еңбекқорлығын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, ерлі-зайыптылар қиыншылықты бірге еңсеріп, бүгінгі жағдайға бірлесіп жеткен.
«Жолдасым – мінезді, еңбекқор адам. Жас кезінде тынымсыз жұмыс істеді. Ең алғашқыда такси жүргізушісі болды. Екінші баламды босанған соң, біз жазғы «дачада», стадионның жанында тұрдық. Үйде жағдай болмады, қыста балалар курткамен ұйықтайтын. Бұл туралы бұрын ешкімге айтқан емеспін. Мен күндіз әкімшілікте жұмыс істеп, кешке магистратураға барып оқыдым. Жолдасым түнгі ауысымға кететін. Түнде пеш жағып шығатынмын, кейде ұйықтамайтын кездерім болды. Денсаулығымыз да сыр беріп, қалаға көшуге мәжбүр болдық», – дейді ол.
Кейін жолдасы шағын автобус сатып алып, кәсіп жолын бастаған. Осы сәттен бастап жағдай біртіндеп жақсара бастағанын жеткізді.
«Жолдасым – көпшіл, сөзге берік, қазақы тәрбиені көрген азамат. Ал мен үйде қарап отырмай, бастауыш сынып мұғалімі болып жұмысқа тұрдым. Үнемі ізденісте жүрдім. Тренерлікпен айналыстым, шетелде тәжірибеден өттім. Қазіргі жетістігіміз – бір-бірімізге арқа сүйеп, тоқтамай еңбек еткеннің жемісі», – деді директор.
Сондай-ақ, ол танымалдығы артқан соң желіден түрлі пікірлер алатынын да жасырмады. Бірі оның әдісіне сүйсінсе, енді бірі келіспейтінін ашық білдіреді екен.
«Кейбір директорлар: “Сізден көп нәрсе үйреніп жатырмыз, қатал басқару жүйесін ұстанып едік, бірақ сізді көрген соң көзқарасымыз өзгерді” деп жазады. Ал енді біреулері: “Жоқ, сіздікі дұрыс емес, еркіндікке үйретсең, балалар бетімен кетеді” дейді. Бірақ позитивті болу – талап қоймаймын деген сөз емес. Мен үйде де балаларға қатаң талап қоямын. Олар өз мәселесін өзі шеше алатын деңгейде өсуі керек деп есептеймін», – деді ол.