Қытай Халық Республикасы Тайвань жағалауларына жақын бес акваторияда және арал маңындағы әуе кеңістігінде жауынгерлік атыстарды қамтитын ауқымды әскери оқу-жаттығуларын бастады, деп жазады qandastar.kz ақпараттық агенттігі DW дерегіне сілтеме жасап.
ҚХР Қарулы күштерінің өкілі Ши Идің мәлімдеуінше, 29 желтоқсанда Қытай «Just Mission 2025» деп аталатын кең көлемді әскери жаттығуларды ресми түрде бастады. Оқу-жаттығулар барысында жауынгерлік атыстар ұйымдастырылып, теңіз және әуе күштері жұмылдырылған.
Қытай әскери ведомствосының мәлімдемесінде бұл әрекеттер «Тайваньның тәуелсіздігін қолдайтын сепаратистік күштерге және аралдың ішкі істеріне араласатын сыртқы күштерге қатаң ескерту» екені айтылған. Сонымен қатар, бұл шаралар Қытайдың егемендігі мен ұлттық бірлігін қорғау үшін заңды әрі қажетті қадам ретінде бағаланған.
Ал Тайваньның Қорғаныс министрлігі Қытайдың әскери белсенділігіне қатысты деректерді жариялады. Мәліметке сәйкес, арал маңында Қытайдың 89 әскери ұшағы, 28 әскери кемесі мен жағалау күзетінің кемелері тіркелген. Тайбэй билігінің хабарлауынша, бұл – 2024 жылдың 15 қазанынан бері бір тәулікте тіркелген Қытай әскери ұшақтарының ең жоғары көрсеткіші.



