Теңіз кен орнынан газ тасымалдауға арналған магистральды құбырлардың құрылысы қытайлық инвесторлар жетекшілік ететін консорциумға сеніп тапсырылды. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап хабарлады.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы өзінің еншілес ұйымы — KMG PetroChem Теңіз кен орнымен байланысты магистральды құбырлар салуға арналған EPC-келісімшартқа қол қойғанын ресми түрде мәлімдеді. Мердігер ретінде құрамында China Petroleum Pipeline Engineering, CITIC Construction (Қытай) және «ЧППИ Қазақстан» ЖШС бар консорциум таңдалған.
Келісімшарт аясында консорциум жобалаудан бастап жабдықтарды сатып алу, негізгі құрылыс жұмыстарын жүргізу және нысанды пайдалануға беру міндеттерін толық атқарады.
Атырау облысында салынатын екі магистральды құбыр арқылы Теңізден этан мен пропан тасымалданады. Әр құбырдың ұзындығы — 210 шақырым. Құрылыс жұмыстарын 2026 жылдың соңында бастау, ал нысандарды 2028 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланған.
ҚазМұнайГаздың мәліметінше, шикізат «Теңізшевройл» ЖШС мен салынып жатқан газсепарациялық кешеннен жеткізіліп, кейін полиэтилен мен полипропилен өндіретін газ-химия кәсіпорындарына тасымалданады. Осылайша, аталған құбырлар бүкіл технологиялық тізбектің негізгі бөлігіне айналады.
Келісімшарт шарттарына сәйкес, мердігер жергілікті өндірушілер мен қосалқы мердігерлерді басымдықпен тартуға міндетті. Дегенмен, мұнай-газ саласындағы ірі жобаның тағы да қытайлық компанияларға бұйырғаны назар аударады.
Айта кетейік, China Petroleum Pipeline Engineering — CNPC корпорациясының еншілес кәсіпорны, ал CITIC Construction Қытайдың мемлекеттік қаржы тобы CITIC Group құрамына кіреді. Қытайлық компаниялар Қазақстанның мұнай-газ секторында кеңінен ұсынылған. CNPC «СНПС-Ақтөбемұнайгазға» иелік етеді, Шымкент мұнай өңдеу зауытын бақылайды және бірнеше өңірдегі мұнай өндіруші кәсіпорындарда үлеске ие.
Сонымен қатар жақында Қазақстан Қытайдан алғаш рет авиациялық керосин сатып алды. Сарапшылардың айтуынша, ол Қазақстан мұнайынан өндірілген болуы да мүмкін.



