Жаңалықтар
«Қыздардың біреуі көліктен пышақ әкеліп берді»: Прокурор Шерзаттың мерт болған ағасы Нұрғанаттың жауаптарын оқыды

Фото: ашық дереккөз
Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысында бірнеше куәгер сөз сөйледі. Прокурор Шерзаттың ағасы марқұм Нұрғанат Ғайыпбаевтың тергеу кезіндегі жауаптарын оқыды, деп жазды qandastar.kz
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаржаубай Нұрымовтың інісі Нұрғанат Ғайыпбаев тірі кезінде оқиға жайлы айтып берген еді. Прокурор оның жауаптарын оқыды.
“15:00-де мал сойып, ет сататын орынға әкелдім. 19:00 шамасында Қаржаубай “қауын әкел” деп хабарласты. Мен Шерзатқа “үйге қайтайық” дедім. Ол дүкенді реттеп болғасын қайтатынын айтты. Мен көлікпен қайтып, 21:00-дерде шай-тамағымды ішіп, ұйқыға кеттім. 23:00-23:30 шамасында Гүлбарам жеңгем “Қаржаубай хабарласып жатыр” деп телефонды берді”, – деді ол.
Сөзінше, Нұрымов Шерзат біреумен төбелесіп қалғанын айтып, мәселені шешу үшін шақырған. Нұрғанат інісіне қоңырау шалып, не болғанын сұрапты. Осылай марқұм сол кезде әкесінің көлігімен дүкенге барады.
“Шапка киген Дархан Шерзатпен ерегесіп тұрды. Не болды десем, Қаржаубайға дөрекі сөйлеген екен. Шерзат “кетпейсіз ба, әкеме неге дөрекі сөйлейсіз” деді. Бірақ ол Шерзатты шешесінен тілдеген. Сосын дарханға “Не керек, қалай шешеміз?” дедім. Сау күйде сөйлесейік деп сабырға шақырдым”, – делінген жауапта.
Мәлімдеуінше, Дархан Нұрболға хабарласқан. Нұрғанат оны таниды екен.
“Нұрбол гольф көлігімен екі бала болып келді. “Хуторскиймін, мені танисың ба” деді. “Ертең сөйлесейік, не керек” дедім. Нұрбол боқтап бастады. “Сендердікі дұрыс емес” деді”, – делінген Нұрғанат жауабында.
Сөйтсе Қаржаубай мен Дархан арасындағы келіспеушілік Дарханның жалған түбіртек көрсетуінен басталған. Яғни төлем шотқа түспепті. Ал дархан Telegram-нан өтірік түбіртек жасатты деп ойлаған.
“Нұрбол агрессия көрсетіп, бірақ “өзім төлеймін” деп ақысын төлеп тастады. Қол алысып, бәрі қайтады. Қаржаубай, Шерзат үшеуміз дүкенге кірдік. Бірақ Нұрболдар қайта келді”, – деді ол.
Сөзінше, Нұрбол мен Нұрымов дүкенге кіріп, ерегесіп тұрған. Ал Нұрғанат Дарханды басуға тырысты.
“Дарханға “Шерзатқа тиме, мені ұр” дедім. Ол келіспей, “бетімді жыртып тастады, мұрнымды сындырды” деді. Жүргізушіге “мыналарды алып қайт “дедім. Бір кезде Қаржаубай “мынаның қолында пышақ бар” деді. Сөйтсем Нұрболда пышақ бар екен. Мен оларға “ақша берейік, дастархан жасап берейік” деп мәселені шешкім келді”, – делінген марқұм жауабында.
Нұрбол “Чика” (Шыңғыс), Нұрқиясты дүкенге шақырды дейді. Жаман нәрсе боларын сезген Нұрғанат Шерзатқа үйге қайтсын деген.
“Шерзат көлікке мініп, кетіп қалды. Нұрбол “кешірім сұрадың ғой, жарайды” деп басылғандай болды. Алайда екі көлік келді. Чика менімен амандасты. Түрің таныс қой десем, “шалмын” деді. Дүкенге қарай келді де, “делайте жігіттер” деп айтты. осыдан кейін ерегес басталды”, – деп оқыды прокурор Нұрғанаттың жауабын.
Мәлімдеуінше, дүкен бұрышында Нұрқияс Шерзаттың Ахмет деген досын ұрды. Ол талып қалған. Артынша Абзал оны көтеріп алды. Нұрғанат “Бала ғой, ұрма” деп, жігітке қашсын депті.
“Бірінші мені Нұрқияс ұрды, мен оның өзін ұрдым. Соққым көкірегіне тиді. Ал Қаржаубайды есіктен бір қыз жібермей тұрды. Бір кезде араға пышақ шықты. Көліктен бір қыз пышақ алып шығып, Нұрқиясқа әкеліп берді. Пышақты көріп, қорықтым да “қояйық” дедім. Нұрқияс маған пышақты екі рет сермеді. Артынша маған Абзал атылды. Бір кезде Шерзат атып шығып, Абзалды ұрады. Маған 10 шақты бала жабылды. Шерзат “қашайық” деді. Мен оған қашсын деп айттым”, – делінген.
Дүкеннен 10-15 метр жерде Шерзат отырып қалып, «Нұрғанат аға, маған бірдеңе тығып алды» деп айқайлаған. Ол Шерзатты құшақтаған кезде сол жақ арқасынан жарақат алғанын байқапты. Жараны алақанымен жапты.
“Жедел жәрдем шақырайық” деп айқайладым. Шерзатты денеммен жаптым. Бірақ олар мені ұрды. Арамызды ашқысы келді. Абзал мен Нұрқияс маған пышақ сұқты. Жамбасыма тықты. Сосын басымнан тепті. Тағы біреу ұрған кезде Шерзатты жіберіп қалдым. Жеңгем оны денесімен жауып жатты. Есімді жинағанымда ауруханада болдым”, – делінген жауапта.
Ол есін жиған соң телефоны да ұрланғанын, әмияны жоғалғанын байқапты.
Нұрғанат ешқандай мылтығы болмағанын айтты. Жауабынша, егер мылтық болса, Шерзатты қорғау үшін оларға мылтық атар еді. Нұрғанат Шыңғыстың қолынан да пышақ байқағанын жазды.
Еске салсақ, Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотта күдікті Дархан Әскентайдың сыныптасы куәлікберіп, күдіктіден бұрын-соңды бұрыс әрекет байқамағанын айтты.