Жаңалықтар
«Қызғаныш себеп болды»: Руслан Берденовке қастандық жасаған күдікті сотта кінәсін ішінара мойындады

Фото: parlam.kz
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша сот процесі өтіп жатыр, деп жазды qandastar.kz
Айыпталушы Ернар Жиембай кінәсін ішінара мойындап, Берденовті қорқыту үшін аңшы мылтығымен атқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kzақпарат агентті хабарлайды.
Сот отырысы кезінде судья Әбінұр Қарабаев айыпталушыдан кінәсін мойындайтын-мойындамайтынын сұрады.
«Кінәмді мойындаймын. Адам өлтіру немесе денсаулығына зиян келтіру ниетім болған жоқ. Қорқыту мақсатында әрекет еткенімді мойындаймын. Бірақ баппен (кісі өлтіруге оқталу – ред.) келіспеймін», – деп жауап берді Ернар Жиембай.
Оның айтуынша, қылмысқа баруына жұмыстағы келіспеушілік емес, қызғаныш себеп болған.
«Бұл ісіме өкінемін, оған қызғаныш себеп болды. Бұл менің ар-намысым. Жұмыстың мұнда еш қатысы жоқ», – деді ол.
Сотта жауап алу кезінде Ернар Жиембай отбасы туралы айтып, оқиғаға қатысты әлеуметтік желіде тараған қауесетті жоққа шығаруға тырысты.
«Алтыншы сыныптан бері бірге оқыдық – менің адал жарым, сүйікті жарым. Ешқашан оның біреумен араласқанын көрген емеспін. Әлеуметтік желіде жазғандай, жақсы отбасынан шыққан тәрбиелі қыз, мүлдем оңай емес», — дейді сотталушы.
Оған Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі және 24-бабының 3-бөлігі бойынша (Адам өлтіруге оқталу) айып тағылған.
Сот мемлекеттік тілде өтіп жатыр. Жәбірленуші Руслан Берденов сотқа қатысқан жоқ. Өкілі Жеңіс Тыныбектің айтуынша, Руслан Берденов емделіп жатуына байланысты сотқа қатыспаған.
Еске салсақ, бұған дейін Руслан Берденовке шабуыл жасағанкүдіктінің оқ атуына не себеп болғанынжазған едік. Күдікті Ернар Жиембай – әкімдікке қарасты «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-нің бұрынғы директоры, екі баланың әкесі. Айыптау актісіне сәйкес, сол күні ол әкім орынбасарының нұсқауымен қызметінен босатылған. Тергеу нұсқасы бойынша, дәл осы жағдай оны қылмыс жасауға итермелеген.
Айта кетейік, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке 21 сәуірде әкімдік ғимаратының алдында қастандық жасалды. Ол жамбас және иық тұсынан оқ жарақатын алып, ауруханаға жеткізіліп, шұғыл түрде ота жасалды. Шабуылдың алдын ала себебі ретінде бірнеше нұсқа айтылды.