
Фото: Нұрболат Нұржаубай
Қызылорда облысында мүмкіндігі шектеулі балаға қатыгездік көрсеткен жасөспірімге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады, деп жазды qandastar.kz.
Бұған дейін Telegram әлеуметтік желісінде жарияланған бейнежазба қоғамда үлкен наразылық туғызған еді. Видеодан анасының дәкемен таңылған баласының аяғын шешіп, күйік іздерін көрсеткені байқалады. Алдын ала деректерге қарағанда, бір топ жасөспірім баланы азаптап, оның аяқтарын отпен күйдірген.
Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы Серік Ергешов оқиғаға байланысты түсінік берді.
«Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті — кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл істің барысы менің жеке бақылауымда», — деді Ергешов.
Қоғам белсенділері бұл жағдайға ерекше назар аударып, балалар арасындағы қатыгездік фактілері жиілеп бара жатқанын айтып дабыл қақты. Олар ата-аналар мен ұстаздарды жасөспірімдердің тәрбиесіне көбірек көңіл бөлуге шақырды.