Жаңалықтар
Қызылорда облысында соғыс ардагері өмірден өтті

Қызылорда облысында Ұлы Отан соғысының ардагерлері Тілеуберген Тобабергенұлы қайтыс болды, деп хабарлайды Qandastar.kz ақпараттық порталы Қазалы ауданының әкімдігіне сілтеме жасап.
Ол 1924 жылы Қазалы ауданының Жамбыл колхозында дүниеге келген. 1942 жылы Отан алдындағы борышын өтеуге шақырылып, Ташкент қаласында әскери дайындықтан өтеді. Мәскеу іргесіндегі Смоленск қаласына әскери эшелонмен келіп, 150-зеңбіректі атқыштар полкі қатарында майдан даласындағы ұрыстарға қатысқан. Бір жылдан кейін 291-атқыштар полкі құрамына жіберіліп, Белоруссия, Польша, Чехословакия, Кинигсберг, Калининград қалаларын жаудан азат етуге атсалысты. Маршал Г.Жуков басшылық ететін 158-гвардиялық полктің 28-автомат ротасы сапында болып, бірнеше рет батылдығымен көзге түскен.
Қатардағы жауынгер 1945 жылдың 9 мамырында Берлин қаласында Жеңіс күнін қарсы алып, соғыстан кейін неміс-фашист басқыншыларының тұтқынға алынған жауынгерлерін күзетуге қалдырылады. Туған жерге 1947 жылы ғана оралып, зейнет жасына дейін теміржол саласында абыройлы еңбек етті.
Тілеуберген Тобабергенұлы І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Берлинді азат еткені үшін», 1941-1945 жылдардағы «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Жуков» медалімен, «Беларуссияның неміс-фашист басқыншыларынан азат етілгеніне 60 жыл», «Ұлы Отан соғысындағы қажырлы еңбегі үшін», «СССР Қарулы Күштеріне 70 жыл» және Ұлы Жеңістің 20, 25, 30, 40, 50, 60, 65 жылдығы, «Еңбек ардагері», «Астанаға 10 жыл» медальдарымен марапатталған. «Қазалы ауданының құрметті азаматы».