
Фото: музей
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің мамандары Шах-Шах шатқалынан табылған қалдықтардың динозавр сүйектері болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Олардың айтуынша, бұл аймақтан бұрын да осындай ежелгі тіршілік иелерінің қалдықтары табылған болатын. Бұл туралы облыстық музей ресми түрде хабарлады, деп жазады qandastar.kz
Қармақшы ауданында орналасқан Шах-Шах шатқалына барлау экспедициясын облыстық және аудандық тарихи-өлкетану музейлерінің қызметкерлері бірлесіп ұйымдастырған. Экспедиция барысында табылған сүйектердің жасы шамамен 93–86 миллион жыл бұрынғы Бор дәуіріне тиесілі болуы мүмкін.
Айта кетейік, Шах-Шах кешеніне алғашқы ғылыми зерттеу жұмыстары 1959 жылы орыс палеонтологы А. Рождественскийдің жетекшілігімен жүргізілген. Сол кезде Бозтөбе свитасында орналасқан кешеннен динозавр сүйектері табылып, 1968 жылы олардың бірінің бас сүйегіне сүйене отырып, ол «Аралозавр» деп аталып, ғылыми айналымға енгізілген болатын.
— Палеонтологиялық зерттеулер нәтижесінде бұл динозаврдың гадрозаврлар тобына жататыны және ол шамамен 93–86 миллион жыл бұрын өмір сүргені анықталған. Аралозаврға қатысты деректер шетелдік зерттеушілердің де қызығушылығын тудырып, ғылыми журналдарда жарияланды, — делінген музей таратқан мәліметте.
Шах-Шах шатқалынан табылған жаңа сүйек қалдықтары алдағы уақытта кәсіби палеонтологтардың қатысуымен тереңірек зерттелмек