Жаңалықтар

Қызылордалық көпбалалы әке мектепте жарақат алып, мүгедек болып қалды. Енді ол өтемақы ала алмай отыр

Фото: Видеодан скрин

Қызылорда облысы, Қармақшы ауданындағы №121 мектептің бұрынғы қызметкері Нұрлан Ерғонтаев ауыр жұмыс кезінде жарақат алып, мүгедек болып қалған, деп жазды qandastar.kz

Қазір 52 жастағы азамат балдаққа сүйеніп жүреді және жұмысқа жарамсыз.

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Нұрлан Ерғонтаев мектепте 19 жыл техникалық қызметкер болып істеген.  Оның айтуынша, алғаш рет 7 жыл бұрын мектептің дәретханасын жөндеу кезінде үстіне қабырғаның кірпіші құлап кеткен. Ауыр жарақат алғанына қарамастан, отбасын асырау үшін қайта жұмысқа шыққан. Алайда былтыр мектептің жылу қазандығында тағы жарақат алып, содан бері жұмысқа жарамсыз болып қалған.

Нұрлан Ерғонтаевтың жұбайы Айнұр Тоқсанбаева сол мектептің еден жуушысы. Әйелінің сөзінше, күйеуі 8 баланы асырап отырғанын және жолдасының денсаулығы нашарлап кеткенін айтып, тиісті 40% өтемақыны талап етіп жүр.

Еңбек инспекциясы екі жағдайда да мектеп басшылығының кінәсі бар екенін анықтап, жұмысшының қауіпсіздігіне жеткілікті мән берілмеген деген шешім шығарған. Яғни Нұрлан Ерғонтаевтың жарақаты жұмыс орнындағы қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы салдарынан болған.

Алайда мектеп директоры Мұхтар Жұматаев өтемақы туралы нақты шешім әлі шықпағанын, құжаттарды прокуратура қарап жатқанын айтады.

«Бұл жерде 40% ақша төленсін деген сөз жоқ. Тек жұмысқа жарамсыз деген сөз тұр дедім. Прокуратура заңдылығын көретін шығар», – деді мектеп директоры.

Қазір бұл отбасы тек Айнұр Тоқсанбаеваның табысына қарап отыр. Ерлі-зайыптылар әділдік іздеп, сотқа жүгінуді қарастырып отыр.

Еске салайық, 21 желтоқсанда Семейде қалалық шыршаны безендіру кезінде мұғалім Қуат Айтқали биіктен құлап, ауыр жарақат алған еді. Оқиғадан кейін оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жағдайға байланысты пікір білдіріп, ұстаздарды міндетіне кірмейтін қызметке жұмсауға болмайтынын ескертті. 8 қаңтар күні оқу-ағарту министрі мұғалімнің ауруханадан шығарылғанын мәлімдеді. 

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close