Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Қызылордалық көпбалалы аналардың жанайқайы: Кезекте тұрғандарға баспана қашан беріледі?

Жыл басынан қызылордалық көпбалалы аналар шу шығарды. Қалалық әкімдікті жағалаған ақжаулықтылар тұрғын үй кезегіне қатысты жағдай ушығып тұрғанын айтып, бізге мұңын шақты, деп жазады qandastar.kz сайты aikyn.kz-ке сілтеме жасап.

Бір топ ана «жыл аяқталар тұста баспаналы боламыз» деген арманы көзден бұлбұл ұшқанын айтып, қынжылысын жеткізіп отыр. Нәзікжандылардың назына құлақ түрсек, жеті сегіз жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама шеңберінде кезекке тұрғанымен, бүгінде «кестеге сәйкес берілуі тиіс баспаналарынан айырылып қаламыз ба?» деген қорқыныштары басым. Себебі кезек жылжыр емес. Тіпті, соңғы кездері берілуі тиіс баспаналарын кезектен алып тастауы жайында қауесет желдей есіп тұр. Соған орай бір үйге зар болып жүрген жандар кімге шағымданарын білмей, шарадай басы шақшадай күйге түскен.

Баспана дауымен бас қатырып жүрген сондай жанның бірі қызылордалық Балжан Тойманова. Оның айтуынша, 2018 жылдан бастап тұрғын үй кезегінде тұр. Нақтысын айтқанда, сол жылдың мамыр айынан бастап үй кезегінде тұрған көпбалалы ана әлі күнге дейін бір баспанаға қол жеткізе алмай әлек. Мәселесін айтып, әкімдікті жағалағанымен, еш нәтиже болмай тұрғанына ашынып отыр.

2018 жылдың мамыр айында көпбалалы ана ретінде тұрғын үйдің кезегіне тіркелдім. Қазіргі уақытта кезекте 143 болып тұрмын. Алайда соңғы кездері кезек реттілігімен берілуге тиіс баспанамызды алу қиындап барады. Соған орай үш айдан бері кімге шағымданарымызды білмей, сенделіп жүрміз. Біресе қала әкімі, біресе Отбасы банк мамандары шақырады. Кімге барсақ та, әне міне берілетінін айтып, құрғақ уәдемен шығарып салады. Енді соңғы күндері біздерге кезек реттілігімен берілуге тиіс баспанамыздың мүлде берілмейтіні жайында қауесет желдей есіп тұр. Яғни, кезегіміз жақындап тұрғанына қарамастан, үйдің берілмейтіні жайында алып қашпа сөздерді естіп жүрміз. Күнделікті жеті баламды үйге қараусыз қалдырып, таң атпастан әкімдікті жағалаумен әбігерге түсіп жүрмін. Бірақ мәселенің оң шешімін табар түрі көрінбейді, – дейді ол.

Негізінен, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында Сыр өңірінде халықты баспанамен қамту, инфрақұрылымды қайта жаңғырту бағытында жылма жыл тиісті шаралар қабылданып жатқаны жайында құзырлы орындар тарапынан ауыз толтырып айтылып жүр. Облыс әкімдігі таратқан мәліметке сәйкес, 2022 2024 жылдары тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 5 мыңнан астам пәтер табысталыпты. Оның ішінде соңғы үш жылда облысқа қарасты аудандар бойынша 1 800 ге жуық пәтер кілті өз иелеріне берілген.

Жаңа жыл қарсаңында Қызылорда қаласының сол жағалауынан бой көтерген тоғыз қабатты 120 пәтерлік тұрғын үйдің кілті кезекте тұрған отбасыларға берілгені жария болды. Сонымен қатар, Арал қаласында 60 пәтерлік 30 тұрғын үй, Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде 80 пәтерлік 40 тұрғын үй әлеуметтік осал топтағы азаматтарға берілген. Байқоңыр қаласында да кезекке сәйкес үйлер табысталған.

Алайда, дәл осындай баспана бақытына кенелуге үміт артқан қызылордалық көпбалалы аналар қанша шырылдаса да, жанайқайы құзырлы орындардың назарынан тыс қалғанын түсінбей жүр.

Кейінгі кездері үйіміздің кезегі мүлде жылжымай жатыр. Биыл да бірқатар санаттар бойынша көптеген отбасыларға баспана берілді. Алайда біз секілді көпбалалы аналар ескерусіз қалып қойды. Оның нақты себебі беймәлім. Бүгінде баспана беру тәртібін кезек реттілігімен емес, жылмен белгілеп қойыпты. Ал жыл реттілігіне қарайтын болсақ, әлі талай пәтер жағалайтын түріміз бар. Аналардың шымбайына батыр тұрған мәселе осы. Күніге облыс, қала әкімдігі мен Отбасы банкті жағалаумен шаршадық. Жауапты тұлғалар құрғақ уәдемен шығарып салады. Нақты жауап ала алмай келеміз, – дейді Жанар Шереева.

Сол сияқты 9 баланың анасы Гүлбақыт Төремұрат та тұрғын үй кезегіне тұрғанына аз уақыт болмағанын айтады.

Баспана мәселесімен шырылдап жүргеніме 4 ай болды. Кірмеген есігіміз жоқ. Түрлі сылтаумен шығарып салады. Біз бүгін үй берсін деп отырғанымыз жоқ. Ең болмаса, кезегіміздің қозғалмауы себебін халық алдында ашып айтып берсе болар еді, – деді көпбалалы ана.

Қызылорда қаласы әкімдігі бұл мәселе бойынша тұрғын үй кезегіне қатысты функция қазір Отбасы банкке тиесілі екенін мәлімдеді. Жалпы, аналардың жанайқайы кешелі бүгін туындаған мәселе емес. Ашынған аналар былтырдан бері әділдік іздеп жүргенін айтады.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button