Шығыс Қазақстан облысында «QazConstructions» компаниясының бұрынғы директордың орынбасары мен Күршім ауданы мәслихатының депутаты 2 миллиард теңге көлеміндегі әлеуметтік нысандардың құрылысына бөлінген қаражатты жымқырды деген күдікке ілінді. Сот оларды екі айға қамау туралы шешім қабылдады, деп жазады qandastar.kz
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметтері бойынша, күдіктілер Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарының жеті ауданында 11 әлеуметтік нысан салуға арналған бюджет қаражатын заңсыз иемденген. Бұл қаражат халықтың тұрмыс сапасын жақсарту және бос уақытын тиімді өткізуге арналған жобаларды жүзеге асыруға бөлінген болатын.
Жымқырылған қаржының салдарынан төрт спорт-сауықтыру кешені мен жеті ауылды сумен қамтамасыз етуге арналған су құбыры салынбай қалды. Қаржы көлемі 2 миллиардтан асты. Қаражат күдіктілерге байланысты компаниялар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Аталған ақшаға күдіктілер Астанадағы қымбат тұрғын үй кешендерінен пәтерлер, сондай-ақ «Lamborghini Urus», «Cadillac Escalade», «Mercedes» маркалы көліктер мен асыл тұқымды жылқылар сатып алған. Бұл мүлікке сот шектеу қойды.



