Әлем жаңалықтарыЖаңалықтар
Легионерлерден бас тартсақ жағдай қауіпті – Самат Смақов
Фото: Sports.kz
Ол легионерлерсіз отандық футбол құлдырайды деп отыр, деп жазады qandastar.kz
Қазіргі уақытта елімізде легионерлерді қаржыландыруды тоқтату мәселесі заң жобасы аясында шешіліп жатыр. Ал Қазақстан футболында легионердің көптігі жайлы айтудың өзі артық, одан қалды ҚПЛ-да шетелдік ойыншыларға лимит те алынып тасталған деп хабарлады 1bol.kz.
Ал заң жобасы қабылданса, жағдай қалай өзгереді? Осы орайда ардагер футболшы Самат Смақовтың пікірін білуді жөн көрдік.
«Астана» клубының техникалық директоры мұндай жағдайда клубтар арасындағы айырмашылық тым ұлғайып кететінін айтады.
«Легионерлерді қаржыландыру тоқтатылса, онда бізде легионер қалмайды деген сөз. ҚПЛ-дағы өз орындарын сақтап қалуға күресіп жатқан клубтарға ешкім ақша бермейді, оларда онсыз да демеуші жоқ. Алғашқы орында тұрған клубтар өйтіп-бүйтіп демеуші табуы мүмкін, ал басқаларының халі мүшкіл. Яғни деңгей мүлде алшақтап кетеді. Өзіміз де сол деңгейі жоғары легионерлерге, аға буынға қарап өстік, үйрендік, жастар да дәл солай», – дейді Смақов.
Сонымен қатар ол легионерлерсіз отандық футбол құлдырайды деп санайды. Самат мұндай заң қабылданбас бұрын бұл мәселелер жан-жақты талқылануы керектігін айтады. Бірақ ұлттық чемпионатта деңгейі төмен легионерлердің де көптігін жоққы шығармады.
«Біздің чемпионаттың деңгейі онсыз да төмен, легионерлерсіз жағдай тіпті қиындап кетеді. Сондықтан бұл жерде ортақ шешім қабылдануы керек деп ойлаймын. Мүмкін лимит енгізу керек шығар. Бастысы, өз елдерінде ешкімге керек болмай қалған, бәсекеге қабілетсіз легионерлерді емес, шынымен де мықтыларды шақырту қажет. Шетелдік ойыншыны алып келсек, онда оның деңгейі біздің футболшылардан бір бас жоғары болуы қажет. Өзім Ресей мен Түркияда легионер болып көрдім. Ол жақта талап өте жоғары, сен жергілікті футболшыларға қарағанда екі есе сұраласың. Ал бізде екінші алтылықтағы клубтардың көбісінде деңгейі төмен легионерлер аз емес», – деп қосты ол.
Смақов легионерлерден бас тарту шетелде ойнайтын қазақстандық футболшыларға да кері әсерін тигізуі мүмкін деп отыр.
«Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің футболшылары өзара легионер саналмайды. Егер қаржыландыру түбегейлі тоқтайтын болса, тиісінше олар бізге келіп ойнай алмаса, біздің футболшылар да ол мемлекеттерде өнер көрсетпейді деген сөз. Таяқтың екі ұшы бар, осының бәрін ескеруіміз керек», – деді бұрынғы футболшы.