Әлем жаңалықтары

Ливан мен Ираннан Израильге жасалған шабуылдар тойтарылды

Ливаннан және Иран аумағынан Израильге бағытталған баллистикалық зымырандар әуеде ұсталып, жойылды. Хезболла мен Ислам революциясы сақшылары жасаған шабуылдар Израильдің солтүстік және орталық аймақтарын қамтыған, Тель-Авивте де әуе дабылы қосылған. Зардап шеккендер бар, бірақ зымырандардың көбісі тойтарылған.

Ливаннан Израильге жаппай шабуыл жасалғаннан кейін, Иран аумағынан баллистикалық зымырандар ұшырылды. Израильдің әскери ведомствосының мәліметінше, барлық зымыран әуеде ұсталып, жойылған, деп хабарлайды Qandastar.kz ақпарат агенттігі DW-ға сілтеме жасап.

Ислам революциясы сақшылары Израильдің екі ел аумағынан жасаған шабуылын «бірлескен және үйлестірілген операция» деп бағалады. Ал Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Тегерандағы Ислам революциясы сақшыларының нысандарына жауап соққысы жасалғанын хабарлады.

Бірнеше сағат бұрын Хезболла ливандық қозғалысы Израильге қарсы әскери операцияның басталғанын ресми түрде жариялап, елдің солтүстігі мен орталығындағы қалаларға соққы берген. ЦАХАЛ өзінің ресми Telegram арнасында шамамен 150 зымыран ұшырылғанын және олардың тойтарылғанын хабарлады.

Зымырандық атқылау кешкі уақытта басталып, Израильдің солтүстік және орталық бөлігінде әуе дабылы жарияланды. Хайфа қаласында аймаққа бағытталған ұшқышсыз аппараттар туралы ескерту дабылдары қосылды. Алдын ала мәлімет бойынша, шабуыл салдарынан кемінде екі адам зардап шеккен.

Ливандық топ шабуылдың мақсаты ретінде Израильдің әскери нысандарын және Ливанмен шекарадан бес шақырымға дейінгі аумақта орналасқан елді мекендерді атады.

Бейсенбіге қараған түні Израильге тағы бір шабуыл жасалып, бұл жолы алыс қашықтыққа ұшатын зымырандар қолданылған. Шабуыл кезінде Тель-Авив қаласы мен оның айналасындағы аймақтарда да әуе дабылы қосылды.

Back to top button