Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов әлеуметтік желідегі парақшасында жаңа қызметке кіріскенін айтты, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Ол Оқу-ағарту министрлігі жанындағы оқу-ағарту және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің төрағасы болып сайланды.
Айтуынша, күні кеше қоғамдық кеңестің жаңа құрамының алғашқы отырысы өтті.
«Маған бұл сала жақын. Педагог отбасынанмын. Әкем Қызылордада 42 жыл мұғалім, Жамбыл атындағы мектепте директор болды. Өз мамандығым – педагог, математик-информатик. Қызметімді Қызылорда қаласында информатика пәнінің мұғалімнен бастап, қалалық білім беру бөлімінің ( ГорОНО ) инспекторы, мектеп-лицей директорының оқу-тәрбие бойынша орынбасарына дейін сатылап атқардым.
Кейін білім беру саласындағы қызметімді Астанада ҚР Білім және ғылым вице- министрі болып жалғастырдым. Ы. Алтынсарин атындағы Академияда, «Өрлеу» АҚ жұмыс тәжіриебем бар», — деп жазды ол.
Айтуынша, жастарды еліміздің оңтүстігінен солтүстік өңірлеріне оқу гранттары арқылы «жұмсақ» миграциялауды жүзеге асыратын «Серпін» жобасы – депутаттың бастамасы.
Биыл 12 жыл болады, 50 мың бала осы жоба аясында грантпен оқуға түсті.
«Министр Жұлдыз Сүлейменованың бастамаларын қолдау мақсатында Кеңес мүшесі болуға шешім қабылдадым. Жұлдыз Досбергенқызына ерекше құрметпен қараймын. Ол — қарапайым отбасынан, өз еңбегімен, өңірден шыққан азамат, мықты маман, мұғалімнен министрге дейін өз адал еңбегімен жеткен», — дейді депутат.



