Ғылым және жоғары білім министрлігі 2026–2027 оқу жылына арналған магистратура гранттарын тағайындау конкурсының қорытындысы 25 тамызға дейін жарияланатынын мәлімдеді, дейді Qandastar.kz сайты.
Министрліктің хабарлауынша, 21 тамызда мемлекеттік білім беру гранттарын бөлу жөніндегі республикалық комиссияның отырысы өтті. Комиссия құрамына министрлік, мемлекеттік органдар, білім саласындағы кәсіподақтар, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді.
Отырыс барысында талапкерлердің өтініштері қаралып, гранттар қолданыстағы талаптарға сәйкес конкурстық негізде бөлінді.
Биыл магистратура грантына қатысу үшін шамамен 23 мың өтініш қабылданған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш мыңға көп. Ең жоғары сұраныс педагогикалық ғылымдар, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, сондай-ақ инженерлік, өңдеу және құрылыс бағыттарына байқалды.
Мемлекеттік білім беру гранттары конкурсының нәтижелері 25 тамызға дейін Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ұлттық тестілеу орталығының ресми әлеуметтік желілерінде жарияланады.
Грант иегерлерін жоғары оқу орындарына қабылдау рәсімі 28 тамызды қоса алғанға дейін жалғасады.



