Астанада Magnum супермаркетінің қауіпсіздік қызметінің менеджері пышақпен қаруланған ер адамды залалсыздандырып, оны полицияға тапсырды. Бұл туралы Qandastar.kz порталы Instagram желісіндегі Jagdaikz парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Тергеу деректеріне сәйкес, 43 жастағы елорда тұрғыны Орынбасар Ноғайбаев мас күйінде «Береке» дүкеніне кіріп, сатушы әйелге пышақпен қорқытып, кассадағы 7 мың теңгені алып кеткен. Алайда ол оқиға орнынан бірден кетпей, дүкен ішінде қала берген.
Сатушы әйел жедел түрде танысына – Magnum супермаркеті қауіпсіздік қызметінің менеджері Еркeбұлан Әбдімәжитке хабарласқан. Ол оқиға орнына жедел жетіп, күдіктіні қарусыздандырып, полиция қызметкерлеріне тапсырған.
Тергеу барысында Ноғайбаевтың бұл қылмыстан бірнеше күн бұрын кездейсоқ танысын қатыгездікпен соққыға жыққаны, сондай-ақ бұған дейін қарақшылық үшін 7 жылға сотталғаны анықталды.
Сот оны 3,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Ал Еркeбұлан Әбдімәжит өз әрекетін ерекше ерлік деп санамайтынын айтқанымен, көпшілік оның батылдығы үшін марапаттауға лайық екенін алға тартып отыр.



