Жаңалықтар
Мәйіті қоймадан табылған: ШҚО-да әскери борышын өтеп жүрген сарбаз көз жұмды
Фото: ашық дереккөз
Шығыс Қазақстан облысында әскери борышын өтеп жатқан сарбаз өз-өзіне қол салды. Үйіне оралуына 4 ай қалғанда 20 жастағы жігіттің мәйіті әскери қоймадан табылған. Аяқастынан болған қайғылы жағдайды естіген оның туыстары ес жия алмай отырған көрінеді, деп хабарлайды qandastar.kz «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Көкшетаулық Асылхан Қалияқбаров жарты жылдан астам уақыт бұрын әскерге кеткен. Отбасының кенжесі еді. Мерзімін аяқтап, үйге оралады деп күтіп отырғанда, баласының қаза тапқанын естіген ата-ана есеңгіреп қалды. Айтуларынша, оның мәйіті әскери қоймадан асылған күйінде табылған. Бірақ олар Асылхан өзін-өзі өлтірді дегенге сенбейді.
«Денесі, қабырғалары, құлағының тұсы көгерген. Құлағы ісіп кеткен. Көзі ашық қалған, қолы жұмылып қалған. Егер ол өзі істесе, өзін-өзі қалай ұрып-соғады? Бұл бір адамның қолынан келген нәрсе ме? Ол өзін-өзі өлтірді дегенге мен сенбеймін», – дейді марқұмның анасы Асылтас Қалияқбарова.
Ал апасы Жұмабике Жақсыбекованың айтуынша, Асылхан алғашқыда Алматыдағы әскери бөлімде болған, кейін Үржарға ауыстырылыпты. Содан кейін хабарсыз қалған көрінеді. Өмірге құштар еді, өзіне қол жұмсауы мүмкін емес дейді.
Әскерге сап-сау кеткен бозбаланың мәйітін отбасына офицерлердің өздері жеткізіп берген. Баласынан қапияда айрылып қалған ата-ана енді не істерін білмей отыр. Әскери бөлімшедегілер мардымды жауап бермейді дейді