Шоу бизнес

«Мақтаншақтық пен байлығын көрсету »: Жанар Дугалова гауһар тастарға қызықпайтынын айтты

Танымал әнші Жанар Дугалова туған күніне қандай сыйлықтарды ұнататынын айтып берді. Соңғы уақытта сахнада сирек көрінетін өнер иесі жуырда «Время» басылымына сұхбат беріп, деп жазады qandastar.kz.

Жақын арада 39 жасқа толатын әнші үшін ең құндысы – күтпеген, жүректен шыққан, шынайы ниетпен жасалған сыйлықтар екенін атап өтті. Оның айтуынша, қымбат әшекейлер мен атақты брендтер оған ерекше әсер етпейді.

Сұхбат барысында журналистер: «Дегенмен әйелдер Cartier алуды жақсы көреді ғой?» – деп сұрағанда, Дугалова бұл пікірмен келіспейтінін жеткізді.

«Мен оған мүлде бейжаймын. Гауһар тастарым жоқ деп айта алмаймын, маған оларды сыйлайды. Бірақ күнделікті өмірде тақпаймын, себебі кедергі келтіреді. Бұл, бәлкім, әдеттен шығар: бала кезімнен пианист болдым, байқауларда жиі өнер көрсеттім, әшекейлер қолайсыз болатын. Кейде ғана бала кезден бері сүйікті бір жүзігімді – лағыл тасы бар сақинаны тағамын. Ал әшекейлерді тек сахнада, образға қажет болғанда ғана қолданамын. Құлақтағы сырғалар да, білезіктер де маған ыңғайсыз. Гороскоптарда Козерогтардың бұған бейжай келетіні жиі айтылады, демек мен нағыз Козерогпын (күледі). Маған тон мен гауһар тастар қуаныш сыйламайды», – деді әнші.

Сондай-ақ Жанар Дугалова жұлдыздардың әлеуметтік желілерде сән-салтанатты көрсету үрдісіне қатысты пікірін білдірді.

«Қазір әлеуметтік желілердің мақтану, байлығын көрсету алаңына айналғанымен келісемін. Әрине, сұлулықты аздап көрсетуге болады, бірақ бізде бәрі шектен асып кеткен. Мен ешкімді айыптамаймын, өзімді біреуден артықпын деп санамаймын. Алайда әдейі бәрін жариялап, көзге шұқып көрсетуге ешқашан бармас едім. Себебі менің парақшамды менен әлдеқайда қарапайым өмір сүріп жатқан адамдар да оқитынын білемін. Сондықтан тек шығармашылық жетістіктеріммен, жаңалықтарыммен бөліскенді жөн көремін», – деді ол.

Әнші үшін ең басты құндылықтар – шынайылық, шығармашылық және өз аудиториясына деген құрмет екенін атап өтті.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button