Жаңалықтар
«МӘМС-тің миллиардтары қайда кетіп жатыр: Жедел жәрдем қызметкерлері науқастардың шақыртуына жеңіл көлікпен барған
Фото: t.me/letterskz
Астаналық тұрғын баласы ауырып қалған соң жедел жәрдем шақыртқан. Алайда медицина қызметкерлері қызметтік көлікпен емес, жеңіл көлікпен келген. Бұл туралы qandastar.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
“Письма президенту” Teleram арнасында елордалық тұрғын баласының іші ауырып, жедел жәрдем шақыртқаны туралы жазды. Алайда медицина қызметкерлері жедел жәрдем көлігімен емес, жеңіл көлікпен келген.
“Фельдшерлер қызметтік көліктің жетпей жатқанын айттты. Мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандырудың миллиардтары қайда кетіп жатыр, ойлап көріңдерші”, – деп жазды астаналық.
Бұл жазбаның астына желі қолданушылары МӘМС-ке қатысты пікір қалдырды.
“Жедел жәрдемге қаражат МӘМС-тен бөлінбейді. Сол себепті материалдық жағын ескеріңдер”, “Халық еңбекпен тапқан ақшасына салық, зейнетақы төлейді. Сөйтіп жүріп МӘМС-ке әрең қол жеткізеді. Сөйте тұра халыққа жедел жәрдеммен көмек көрсетіп, қызмет етудің алгоритімін ойлап таба алмағаны ма?”, – деп ойын ортаға салды желідегілер.
Осы тұста Астана қаласы денсаулық сақтау басқармасы медицина қызметкерлерінің не себепті жеңіл көлікпен қызмет көрсетіп жүргенін түсіндірді.
“Елорданың халық саны және басқа өңірлерден келушілердің көбеюіне байланысты жедел жәрдемге шақыртулар артты. Оның 80%-ы жеделдіктің 3-4 санатына тиесілі. Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін санитарлық автокөліктің жетіспеушілігін болдырмау және жедел жәрдем бригадасының күту уақытын қысқарту мақсатында Қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы жеңіл автокөлік құралдарын жалдау шартын жасады. Жеңіл автокөлік науқасты тасымалдау және медициналық жабдықтармен жарақтандыру талап етілмейтін, жеделдіктің 3-4 санаттағы шақыруларына шығады”, – деп мәлімдеді ведомство.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, осы жылдың қараша айына дейін 35 бірлік санитарлық автокөлік сатып алу жоспарланып отыр. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында тағы 35 жедел жәрдем машинасын сатып алу жоспар бар.
“Сондай-ақ санитарлық автокөлікке тұрақты негізде жөндеу жүргізу бойынша шарт бар. Бұл шаралар уақытша: биыл 35 жаңа автокөлік сатып алғаннан кейін және жөнделген көліктерді пайдалануға бергеннен кейін жеңіл автокөлікпен келісімшарт қажет болмайды. Сонымен қатыр бұл жедел жәрдемнің келу уақытын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді”, – делінген хабарламада.