
Фото: Информбюро сюжетінен скриншот
Маңғыстау облысындағы Үстірт шекара қызметінде борышын өтеп жүрген 20 жастағы сарбаз Еркебұлан Сағындықтың өлімі қоғам назарын аударды. Әскери бөлім өкілдері оның жанармай иісіне уланып көз жұмғанын хабарлағанымен, марқұмның туыстары бұл нұсқаға сенбейді, деп жазады qandastar.kz.
Қайғыдан қан жұтқан отбасының айтуынша, Еркебұлан соңғы күндері қатты қиналып жүргенін айтып, жиі хабарласқан. Анасы Гүлназ Жұмабаеваның сөзінше, ұлы бөлім ауыстыруды да өтінген.
«Соңғы рет сөйлескенімізде басқа жерге ауысуға бола ма деп сұрады. «5 ай ғана қалды ғой, не болды?» деп едім, «жәй сұрап едім» деді. Енді келіп бензинге уланыпты дейді. Оған сену қиын», – дейді анасы.
Информбюро жаңалықтарында жарияланғандай, марқұмның сүйіктісі Ақниет Мұқан да Еркебұланның әскери өміріне көңілі толмағанын айтты. Оның сөзінше, сарбаз бөлімде жағдайдың ауыр екенін, кейде тіпті қажетті заттарға ақша жетпейтінін жазған.
«Қиналып кеттім деп жиі айтатын. Тіпті қозғалтқышты жөндеуге деп ақша сұраған кездері де болды. Менімен хаттары, аудио жазбалары сақтаулы», – дейді ол.
Ал Ұлттық қауіпсіздік комитеті оқиғаға қатысты тергеу басталғанын растады.
«Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға техникалық жұмыстар кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамаудан болған. Полиция қылмыстық іс қозғады, қосымша қызметтік тексеріс жүргізілуде», – деп хабарлады ҚР ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз қызметі.
Еркебұлан Сағындық медициналық колледждің түлегі болған, әскерден кейін үйленуді жоспарлап жүрген. Отбасы тергеудің әділ өтуін және кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етуде.
Айта кетейік, бұл соңғы аптада тіркелген шекара қызметіндегі екінші сарбаз өлімі. Бұған дейін Алматыдағы әскери бөлімде 18 жастағы жауынгердің қазасы тіркелген еді.