
Маңғыстау облысында баланың қаза болуына байланысты медициналық ұйымдарда тексеру жүргізіліп, бірқатар өрескел бұзушылық анықталды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, қайғылы жағдай оның жеке бақылауында болған.
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің жоспардан тыс тексеруі, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар құрған комиссияның жұмысы нәтижесінде Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасы мен Ақтау қаласының №2 емханасында медициналық көмекті ұйымдастыру және көрсету кезінде өрескел кемшіліктер болғаны анықталған.
Осы тексеруден кейін облыстық балалар ауруханасының директоры қызметінен босатылды.
Ал медициналық көмек көрсетуге қатысты факт бойынша прокуратура қылмыстық іс қозғаған. Сотқа дейінгі тергеу аяқталып, іс материалдары сотқа жолданған.
Ақмарал Әлназарова медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бақылауда болатынын айтты.
«Мұндай жағдайлар формалды жауаптарды емес, нақты қорытындылар мен жүйелі шешімдерді талап етеді», – деді министр.
Сондай-ақ министр Астанада қаза болған баланың анасын жеке қабылдайтынын жеткізді.
«Бұл қайғы отбасы үшін орны толмас қасірет. Кінәлілер әділ жазасын алады», – деді Ақмарал Әлназарова.



